Блог

13-12
2018
Bilim Media Group компаниясы республикалық «Жаңашыл мұғалім­-2019» байқауының басталғанын жариялайды

Bilim Media Group компаниясы республикалық «Жаңашыл мұғалім­-2019» байқауының басталғанын жариялайды.

2018 жылы 19-желтоқсан күні жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шығармашыл әрі жаңашыл ұстаздарға арналған республикалық «Жаңашыл мұғалім-2019» байқауы басталады. Bilimland.kz сайтының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп отыратын  бұл байқау ұстаздық жолында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді түрде пайдалана білетін мұғалімдер арасында кеңінен танымал.

«Жаңашыл мұғалім» республикалық байқауы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауға бастауыш және орта білім беретін, сондай-ақ арнайы орта білім беретін оқу орындарының мұғалімдері қатысады. Байқауға 2015–2018 жылдар аралығында жалпы саны 2 800-ге тарта мұғалім қатысып үлгерген.

Жеңімпаздар оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиында ресми түрде марапатталады, сондай-ақ олардың аты-жөндері сайттағы (bilimland.kz) блогымызда жарияланады. Ақшалай сыйлықтар, сертификаттар мен алғысхаттардан бөлек, байқауда топ жарған педагогтардың үздік жұмыстары сайтымыздағы «Мұғалім парақшасы» бөлімінде жарық көреді.

Осы жылы байқау ҚР Білім және ғылым министрлігінің (29.11.2018 ж. №656 бұйрық) «Ұсынылған пәндік олимпиадалардың, кәсіби конкурстардың, ғылыми жобалардың, спорттық жарыстардың және басқа да шығармашылық іс-шаралардың тізбесіне» енді.

Байқаудың жүлде қоры – 2 000 000 теңге.

Байқау 2 кезеңнен тұрады және 4 аталым бойынша өтеді:

  • Сабақтағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
  • Тәрбие жұмысындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;    
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қорытынды аттестаттау немесе ҰБТ-ға дайындықта қолдану;
  • Шағын жинақты мектептегі (ШЖМ) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.

Байқаудың басты шарты – оқытуда АКТ-ның әдістерін тиімді пайдалану, мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамыту және білім беру мен тәрбиелеуде BilimLand ресурстарын ұтымды қолдана білу.

Байқау туралы жаңалықтарды bilimland.kz сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан (vk, facebook, instagram) оқи аласыздар.

 

Барлық жаңашыл мұғалімді
байқауға қатысуға шақырамыз және шын мықтының жеңіске жетуіне тілектеспіз!

Байқау ережелерімен мұқият танысып шығыңыз

40645