Блог

30-06
2020
Мектепке барғым келмейді: 10 себеп

Балаларыңыздан “Мектепке барғым келмейді!” деген сөздерді жиі естисіз бе? Сізге өз позициясын дәлелдеу үшін балалар көптеген себептерді тізіп айтып беруі мүмкін. Алайда олардың ішінде ұстаздар мен ата-аналардың назар салып, зерттеуі қажет үлкен мәселелер болуы әбден мүмкін. Балалардың мектепке барғысы келмеуінің себептері қандай? 

Екі негізгі аргумент бар:

Кішкентай адамның психологиясын зерттей келе, әр таң сайын өзі үйренген тұрақты, қауіпсіз жер – үйінен шығып, мектепке барып келу қиынға соғады екен, ал мектепке бару – ойын-сауық орталығына немесе зообаққа барып келгенмен бірдей емес. Егер зообаққа немесе ойын-сауық орталығына барып келу – қызықты оқиға болса, мектепке бару - жауапкершілікті талап ететін тұрақты іс-әрекет. 

Білім беру мекемесінде өткізетін 5-8 сағатта білім алу, бекітілген тәртіпке бағыну бастауыш сынып оқушысының ғана емес, жоғары сынып оқышысының да қолынан келе бермейді. 

Мектепте бала кез келген уақытта өзінің қалағанын жасап, айғайлап, түрлі іс-әрекеттер жасай алмайды. 

Мектеп бұл тәртіп пен ұзақ уақыт бойы қозғалмай отыруды білдіреді. Әрине, бұндай әрекеттің балаларға ұнамауы күтілетін жағдай. 

Бұл мектепке деген өшпенділіктің негізгі екі себебі, алайда, бұл екі себептің астары бар. 

Шырылдың оятуы

Әр күн сайын жылы төсектен тұрып, тәтті ұйқыны қиып, даладағы ауа райына қарамай, мектепке бару әркімге болсын, ұнамайды. Ал, балалар, оған қоса, оларға ұнамайтын төсек жинау, жуыну, таңғы ас ішу сияқты процесстерді жасайды.  

Белгісіздік үрейі

Үйінің есігін жабқаннан бастап, мектеп оқушысы оны не күтіп тұрғанын білмейді: жасаған іс-әрекеті үшін мұғалімнен сөгіс ести ма, әлде жоғары сынып оқушыларымен сөзге келіп қала ма, бәрі де белгісіз. 

Жол жүру кезінде жабырқау

Әдетте, қоғамдық көлікте адам көп болғандықтан, оқушылар кіре салысымен, өзгелерге кедергі болмасын деп, кондуктор “Сөмкеңді арқаңнан шешіп, қолында ұста!” деп дүрсе қояды, бұл барлық жолаушылардың көңілін ортадағы балаға аудартады. Бала өзін өте оғаш, әрі қолайсыз сезінеді. Осылай, мектепке барар алдындағы көңіл-күйді түсіруге тағы бір себеп табылды. Сондықтан, қоғамдық жерлерде мектеп оқушыларына қысым көрсетуден аулақ болған жөн. Біз үшін ол ұсақ-түйек болғанымен, балаларға өте әсер етеді.  

Ауыр жүк

Автобустан шыға келе, сөмке үшін сөз естіген оқушыға сол сөмкеден ауыр зат жоқтай көрінеді. Ауыр жүк арқалаған оқушының ойы осымен бөлінеді. 

Жағымсыз көрші

Оқушы нақты себепсіз сыныптағы орнын ауыстыра алмайды, сондықтан бірнеше жыл бойы бір партаны өзі ұнатпайтын баламен бөлісуі әбден мүмкін. Сынып жетекшілері оқу жылын бастамас бұрын сынып сағатында оқушылардың ойын білсе болады. 

Сабақтағы стресс

Бала психикасының бұзылуы өтіп жатқан сабаққа да байланысты болады. Мәселен,

тапсырманың жауабын білмеген кезде, тақтаға шығару;

біліп тұрған кезде, одан сұрамағаны баланың бойында өкініш сезімін туғызады. 

Сабаққа деген қызығушылықтың жоқтығы

Кейбір сабақтар балаларға мүлдем қызықсыз болуы – жиі кездесетін жайт. Көп жағдайда балалар “бұл ақпараттың менің өміріме еш керегі жоқ” деп жатады. Мұғалім сабақ беруде креативті әдістерді қолданса, кез келген баланың сабаққа қызығары сөзсіз. 

Мұғаліммен қарым-қатынас

Кей кездері оқушылар арасында өзара түсініспеушіліктер болып жатады, алайда мұндай түсініспеушіліктер мұғалім мен оқушы арасында туындауы мүмкін. Жиі кездесетін себеп – оқушының сөзін сынға аламын деп байқаусызда айтылған сөздердің сыныптағы өзге оқушылардың оны мазақ қылуына себеп болуы. Мұндай жағдай орын алмас үшін мұғалім барлығына мұқият болып, оқушылардың психикалық денсаулығына зардап тигізбеуі қажет. 

Сыныптағы теңсіздік

Әр сыныпта сынып старостасынан бөлек сыныпты “басқаратын” оқушы болады. Ол “басшының” басқа сыныптастарына ықпалы өте зор, әр баланың мектептегі өміріне зиянын тигізуі әбден мүмкін. 

Басқаларда бар, менде жоқ 

Өзге сыныптастарының киімі, аяқ киімі, құрал-жабдықтары күштірек болған жағдайда, балалардың мектепке барғысы келмейтіні сөзсіз. Қазіргі кезде оқушылар мектепке қандай көлікпен келгеніне дейін салыстырады, орташа жағдайы бар отбасыдан шыққан бала үшін бұл өте үлкен қысым болады.  

Жоғарыда аталған себептердің маңыздылығы әртүрлі болғанымен, мектепке баруға деген ынтаны жоятыны сөзсіз. Ересек адамдарға бұл себептер күлкілі естілгенімен, балалар үшін өте маңызды. Себебі балаларды тәрбиелеу және оқыту секілді маңызды істе балаларды толғандыратын мәселеге дең қойылуы керек.

28008