Блог

19-03
2019
Наурыз мейрамы несімен ерекше?

 Түркі тілдес халықтарға ортақ мейрам деп есептелетін Наурыз мейрамы қазақ үшін орны бөлек, ерекше думан. Себебі түпкі мағынасында қаһарлы қыстан аман-есен шығып, шуақты көктемнің келгені меңзелсе, екінші жағынан 21-інен 22-сіне қараған түні күн мен түн теңеліп, Жаңа жылдың келгені тойланады. Орта Азия халықтары Әзірбайжан, Түркіменстан,Қырғызстан, тіпті Иран да Наурыз мейрамын тойлайды екен. Дегенмен, әрбір халықтың мейрамды тойлау кезінде өзіне тән ерекшеліктерінің болатынын айта кету керек. Мысалы, айыр қалпықты көршілерімізде дәстүрлі сүмелек (cумөлөк) тағамы дайындалады, Тәжікстанда дәндерден палау жасалады, ал мейрамның символы көпшілік елде отпен теңестіріледі.

Дәстүрлердің жаңғыруы

Мектеп пен жоғарғы оқу орындарда Наурыз мейрамы күн жылынғанда өте ауқымды шара етіп тойланады. Мерекеге үлкенді-кішілі жастар, мұғалімдер мен директорлар, оқытушылар мен ректорлар да ат салысады. Далада киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағам Наурыз көже дайындалады. Сол күні түрлі ұлттық ойындар ойнатылып, іс-шара кең ауқымда тойланатынын атап өту керек.

Қонақжайлық пен сыйластық тойы

Наурыз — қазақ халқының басқа ұлттардан ерекшелейтін негізгі қасиеті, қонақжайлығын паш ететін керемет мейрамдардың бірі. Бұрынғы кездермен салыстырғанда, барлық дәстүрлер қайта жаңғырып, ойындар ойнатылып тойланбаса да, қазіргі уақытта мейрам тек ауыл-аймақ, көрші-қолаңды қамтитын ғана емес, қалалық, республикалық деңгейде тойланатын думанға ұласқан. Шын мәнінде ата-бабамыздан жеткен асыл мейрамның мақсаты — адамдарды, яғни туыс-туғанды, дос-жекжатты біріктіретін, араласуға себеп болу, қарым-қатынас орнату күні.

Тәрбиеге қанық мейрам

Бүгінгі күнге дейін жеткен мейрамның тәрбиелік мәнінің зор екенін де атап өту керек. Егер бұрындары мейрамда үлкен кісілер бата айтып, туған-туыс бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ойын-сауық құрған болса, қазір де сол дәстүр сақталып, адамдар бір-бірімен аралас-құраластығын тоқтатқан жоқ. Осы орайда, балалар үшін туысқандық пен бауырмалдылықтың, қонақжайлылықтың маңызын іс жүзінде көрсетіп беретін, тәрбие беретін бірден-бір салтанат.

Сейіл құру мерекесі

Қазіргі заманда, зуылдаған өмір мен тұрмыс-тіршіліктен зерігетін, шаршайтын адамдар үшін бір марқайып, ауылдың таза ауасын сіміріп, сойылған ет жеп, туғандармен көрісіп, ренжіткендерінен кешірім сұрайтын, демалып, тынығуға, сейіл құруға мүмкіндік беретін ерекше демалыс, релакс сыйлайтын күн екені жасырын емес.

Оқушылар мен студенттер өздерінше тойлайды

Мектептер мен ЖОО-лар тарапынан мейрамның ауқымды деңгейде, университет, мектепшілік, аудандық деңгейде тойлануы өсіп келе жатқан жастарға ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлердің және оларды насихаттау қаншалықты маңызды екенін түсінуге себеп болады. Білуімізше, әрбір мектепте ең үздік наурыз көже, ұлттық киім, өнер сынды номинациялар бойыша жарыстар ұйымдастырылады. Әр сынып немесе факультет өзінің дастарханын жайып жарысады. Бұл да, өз кезегінде біздің кең пейілділік пен қол ашықтығымыздың белгісі іспетті.

Наурыз — Жастар мейрамы

Бұл мейрамның тағы бір ерекшелігі түрлі дәстүрдің, ойын-сауықтың көрініс табуында. Кәрілер Тәңірден дұға тілеп, босаға аттаған Жаңа жылдың жайлы, дастарханның майлы болуын, ел-жұртының аман, заманының тыныш болуын сол дұға-тілектеріне арқау етсе, ал жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, қыз-жігіттер бір-бірімен ойнап-күліскен. Деректерге сүйенсек, жастар өздерінше бөлек жиналып, ақ дастарқан басында емін-еркін қалжыңдасып, ән-жыр айтысып, мейрамды тойлаған. Жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, тіпті болашақ жарын табуға да осы думанды пайдаланған. Ал қыздар жағы көңіл-қошы ауған «серісіне» емеурін білдіру үшін, тәтті-дәмді тағамын әзірлеген екен. Осы уақытта мұндай ырду-дырду түнде ұйқы түгілі шаршауды да ойламаған жігітке «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен «Ұйқыашар» ұсынады. Ару тарапынан көрсетілген осындай қошеметке олар да қарап қалмай «Селт еткізер» деген ниетпен әлгі аруға айна-тарақ, алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлаған. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалады.

Осы сынды дәстүр мен ойын-сауық біте қайнасып, жалғасқан мейрам, шын мәнінде үлкендерді, туыстарды біріктіретін ғана емес, жастардың жүректерін жақындастыратын думан ретіндегі рөлі зор. Демек Наурыз — дәстүрлер мен құндылықтар жаңғыратын ұлт пен ұлтты, туыс пен туғанды жақындастыратын ұлттық, жалпыхалықтық мейрам ғана емес, жастарды табыстыратын шақ.

5200