Блог

2-04
2019
Наурыздағы ҰБТ нәтижелері: «Тексеріс қатал болды»

Наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысты көпшілік оқушының көкейінде әлдебір күмән тұрыпты. Наурызда тапсырса, негізгі маусым айында болатын тестілеуді тапсыра алмай қапыда қалу қорқынышы осыған себеп болыпты-мыс. Сондай-ақ, наурыздағы сынақтың сертификаты білім беру грантына құжат тапсыруға жарай береді деген сынды сыбыстар тарап, түсініспеушіліктер орын алған. Ендеше наурыздағы ҰБТ қалай өтті? Ол маусым айындағы ҰБТ-дан несімен ерекшеленеді? Осы сауалдарға жауап беріп көрейік.

Наурыз айындағы ҰБТ сертификаты түлектің ЖОО-ға тек ақылы негізде құжат тапсыруын қамтамасыз ететінін айтып өту керек.

Наурыздағы тестілеу 27-29 наурыз аралығында 133 Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктерінде өткізілген.

Екі мыңға жуық талапкер келмей қалған

Наурыз айындағы тестілеуге қатысуға 80042 өтініш берілген, оның ішінде қазақ тілінде – 62678, орыс тілінде – 17086, ағылшын тілінде – 278 адам өтінім берген. Деректерге сүйенсек, тестілеуге барлығы 78133 адам, яғни өтінім бергендердің 97,6%-ы қатыстқан. Соның ішінде 61367 (78,5%) қазақ тілінде, 16515 (21,1%) орыс тілінде және 251-і ағылшын тілінде тапсырды. Тестілеу пункттеріне тапсырушыларды бақылау үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 475 өкілі жіберіліп, мемелекеттік және аппеляциялық комиссиялар құрылды. Сонымен қатар, медициналық көмек көрсету орындары ұйымдастырылып, тестілеу барысындағы қауіпсіздік қамтамасыз етілген.

Шығарылғандар

ҰБТ-ның өткізу ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 235 адам шығарылды. Тестілеуге кіргізу барысында 42205 тыйым салынған заттар, соның ішінде 33344 электрондық құрылғы (ұялы смартфон, роутер, модем және т.б) және 8166 қағаз жүзінде (шпаргалка, оқулықтар және т.б) тәркіленген. 20 мыңға жуық қатысушы шектік бал жинай алмаған Қазақстан бойынша бес пәннен ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 70,5 балды (мүмкін болған 140 баллдан) құрады. Шектік деңгейден өткендер саны – 58317 (74,6%). Шектік деңгейден өте алмағандар саны - 19816 адам (25,4 %). Тестіленушілердің ішінде 14 мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін мемлекеттік комиссия шешімімен жеке аудиториялар және арнайы көмекшілер бөлінді.

Ең аз таңдалған пәндер «Химия-Физика»

ҰБТ-ға қатысушылардың жалпы санынан ең көбі «Математика-Физика» бейіндік пәндер комбинациясын 23691 (30,3%) адам таңдады, «Химия-Биология» комбинациясын 15596 (20,0%) таңдады. Ал ең аз таңдалған «Химия-Физика» комбинациясын 225 адам таңдады.

«Тексеріс қатал болды»

Бұл тестілеуге оқуға ақылы негізде құжат тапсырғысы келетіндерден бөлек, дайындығын тексергісі келген оқушыларда қатысқан. Соның бірі, Алматы қаласындағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқитын Нұрсұлтан Молжанұлы, наурыз айындағы ҰБТ жайында өз пікірімен бөлісті. Оқушының айтуынша, қарапайым тестілеу мен ҰБТ сынағы арасындағы басты айырмашылық – тексеріс пен тәртіптің қаталдығы.

«Басты мақсат дайындығымды тексеру, қателіктерім мен әлсіз тұстырмды білу, дайындалу болды. Қатысушыларды металл анықтағыш есік, сонымен бірге құрылғымен де тексерді. Екінші айырмашылық, оқушылар мен тапсырушылардың өз-өздерін ұстауы бөлек болды. Осы жолы эмоцияналды, қобалжулы оқушылар көп болды»,—дейді оқушы.

Сонымен бірге, наурыз айындағы тестілеуде ұялы телефонмен ұсталып, сыртқа шығарып жіберген оқушылар бірашама көп болғандығын атап өту керек.

Тестілеу кезінде жиі кездесетін жағдай — оқушылардың бір-бірімен сөйлесіп, кейде тіпті тест кітапшаларын алмастырып немесе өзгелерден көмек сұрауы. Мұндай әрекеттер басқа оқушылардың мазасын алып, негізгі тапсырмаға ойы мен ынтасын бөлуге кедергі болады. Сондықтан ҰБТ-да өзгелерден көмек сұрап және керісінше көмектесуге ниеттену оқушының өзі үшін кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы орайда, өз тапсырмасына бар зейіні мен ойын бөліп, күш-жігерін бағыттағаны абзал.

 

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com

1943