Блог

5-04
2019
iTest платформасы көмегімен ОЖСБ-ға қалай дайындалуға болады?

Жақында itest.kz платформасы жаңа — ОЖСБ (ВОУД) айдарымен толықты.

Осы орайда, платформадағы ОЖСБ-ның мақсаты, құрылымы мен ерекшеліктері жөнінде жоба маманы Дәрия Нұрғажықызымен сұхбаттастық.

— Оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) дегеніміз не? Бағалау қай сыныптар оқушыларына жүргізіледі?

— Оқу жетістіктерін сырттай бағалау, яғни ОЖСБ – білім беру ұйымдарының оқыту сапасына тәуелсіз мониторинг жүргізу үшін өткізілетін тестілеу. ОЖСБ оқушылардың оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтау және білім беру қызметтерінің сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі. Бағалау 4, 9, 11-сыныптар бойынша өткізіледі. Жыл сайын ОЖСБ-ның қай пәннен және қай мектепте өтетінін Білім және ғылым министрлігінің уәкілетті органдары белгілейді.

— Ал енді itest.kz платформасы арқылы ОЖСБ-ға қалай дайындалуға болады?

— iTest платформасында 4, 9, 11-сыныптарға ОЖСБ аясында барлық пәндер бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін тест сұрақтары қамтылған. Оның бір ерекшелігі – 4, 9-сыныптар бойынша ОЖСБ тестін тапсыру кездейсоқ пәндердің үйлестірілуі арқылы тапсырылады, яғни оқушы алдын ала қандай пәннен тест тапсыратынын білмейді. Бірақ өз қалауынша әр пән бойынша бөлек тапсыра алады.

— ОЖСБ сұрақтары қандай оқулықтарға, материалдарға негізделіп жасалды?

— Сұрақтар арнайы бекітілген спецификацияға сай мектеп оқулықтарына негізделіп жасалды. Сұрақтарды жоғары санаттағы, білім берудегі тәжірибесі мол, тест сұрақтарымен жұмыс істейтін мұғалімдер дайындады. ОЖСБ жобасын толық әзірлеуге 4 айға жуық уақыт жұмсалды.

 

— iTest.kz платформасында ОЖСБ-ға дайындалу тегін бе?

— Қазіргі уақытта «iTest—үздік нәтиже» байқауының өтіп жатқанына байланысты қатысушыларға iTest платформасы тегін. Сол мүмкіндікті қолданып ОЖСБ-ға тегін дайындала аласыз. Яғни, сіздің сайтқа тіркелген аккаунтыңыз бар болса, біздің платформадағы барлық ресурстарды емін-еркін тегін қолданасыз. 

— iTest.kz платформасында ОЖСБ-ға кіретін профильді пәндердің барлығы қамтылды ма?

— ОЖСБ 4, 9, 11-сыныптар бойынша барлық пәндерді қамтиды. Сонымен қатар 9,11-cыныптарға арналған неміс, француз, ағылшын тілдерінен дайындық курстары бар.

— 4,9,11-cыныптарға арналған тапсырмалар құрылымы бір-бірінен несімен ерекшеленеді?

— Әрине, сыныптар бойынша тест сұрақтарының құрылымы, берілуі, күрделілігі әртүрлі. Мысалы, 9-сыныпта міндетті пән ретінде қазақ тілі берілген, онда оқу сауаттылығына байланысты мәтіндер және соған қатысты сұрақтар қамтылған. 4-сыныптың бағдарламасында дүниетану бойынша сұрақтар көрнекі суреттермен дайындалған, ал әдебиетте мағыналы, қызықты мәтіндер құрастырылған.

— ОЖСБ-ға байланысты алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Алдағы уақытта сұрақтар санын одан әрі көбейтіп, қолданушылар үшін осы тестілеуге дайындалу мүмкіндіктерін арттыра түсу көзделуде.

— Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

14467