Блог

5-04
2019
«AlmaU BILIM LAB» – мектептер мен ЖОО бірлестігі

Алматыда 4 сәуірде Алматы Менеджмент Университетінде жаңа ресурстық орталықтың ашылу салтанаты өтті. «AlmaU BILIM LAB» ресурстық орталығының тұсауы арнайы қызыл лентамен кесіліп, шашу шашылды.

Іс-шараға республиканың әртүрлі өңірлерінен келген мұғалімдер, мектеп директорлары қатысты.

Шараның негізгі бөлімінде «Инновациялық электронды оқыту ресурстарын қолданудың теориясы мен практикасы» атты тренинг өтіп, онда компания спикерлері Bilim Media Group компаниясының ресурстары: bilimland.kz, itest.kz, imektep.kz, twig-bilim.kz жайлы және оларды қолдану туралы толық ақпарат берді. Қонақтар өздерін толғандырған сауалдар қойып, пікірлерімен бөлісіп, ізгі тілектерін білдірді.

Орталықтың басты мақсаты – білім беру ісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АҚТ), Bilim Media Group инновациялық компаниясының электронды оқыту ресурстарын қолдану бойынша Алматы қаласының мұғалімдері мен мектептер басшылығы үшін семинарлар мен тренингтер өткізу арқылы мұғалімдердің біліктілігін көтеруді қамтамасыз ету.

«Алматы Менеджмент Университеті» Білім беру мекемесінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арынның айтуынша, білім беру ресурстарымен жабдықталған мұндай ресурстық орталық мұғалімдердің біліктілігін арттыруға пайдасын тигізеді.

– Ресурстық орталықтың AlmaU-да ашылуы біздің университеттің шын мәнінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептер, ЖОО-ларды біріктіретін алаң ретінде жұмыс істеуге ұмтылатынын және оларды бір-бірімен тығыз байланыстыру идеясын қолдайтынын айғақтайды. Мектепке арналған контентті дамытуға, педагогтардың білім берудегі жаңа методикаларды қолдануы аясын кеңейтуге күш саламыз. Мұғалімдер аталған методикаларды үйрену барысында тек дайын ресурстарды қолданып қана қоймай, сонымен бірге осындай ресурстар негізінде жекеменшік жобалар жасап үйренуге де дағдыланатын болады. Себебі педагогтар біздің болашақ ұрпағымызға білім беретін жандар және біз оларды қолдауымыз қажет. Университетке өзіндік көзқарасы қалыптасқан жастар келеді. Осы орайда университет мұғалімдеріне студенттермен жұмыс істеу салыстырмалы түрде жеңілірек. Біз мұғалімдерге жаңа білім беру технологияларын қолдануды үйрету арқылы оларға сабақ ясында аталған ресурстарды қолдануға мүмкіндік береміз. Негізінен, орталықта Бостандық ауданы мұғалімдерін, директорларын шақырып, дайындайтын боламыз.

Егер бұрындары педагогтардың жеке біліктілігін арттыру бағытында мектептердің білім беру процесіне араласпай-ақ жұмыс атқарсақ, енді тек қабілеттерді ғана емес, мектептегі білім беру контентін де жақсартуға мүмкіндік туып отыр, - дейді Әсел Арын.

Алғашқы ресурстық орталық Астана қаласында «Astana Bilim Lab» деген атаумен 2015 жылы ашылса, одан кейін «Almaty oblysy Bilim Lab» орталығы Талдықорған қаласында 2016 жылы бой көтерген. Үшінші ресурстық орталық Шымкент қаласында 2017 жылы, ал 2018 жылы бірден екі ресурстық орталық: Орал қаласында және Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ іргесінде ашылған болатын.

Ресурстық орталықтар заманауи озық техника құралдарымен, интерактивті тақталар мен компьютерлер құрылғыларымен жабдықталған.

Алматыдағы мектеп мұғалімдері мен ЖОО ұстаздары bilimland.kz, itest.kz, imektep.kz, twig-bilim.kz. платформаларын қолдану бойынша тренингтер мен семинарларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сол арқылы әріптестермен білім беру ісінде АҚТ қолдану тәжірибесімен бөлісіп, дәріс берудің тың методикаларымен танысып, IT саласындағы озық жетістіктерді игеретін болады.

1357