Блог

9-04
2019
Alma mater: Түлектер таңдауға лайықты университеттер

Оқу жылы аяқталып келеді және әрбір мектеп түлегі үшін өміріндегі шешуші болмаса да, маңызды қадам жасау уақыты да жақындады. Кейбіреулер оқуға құжат тапсырғанда, Жоғарғы оқу орнының абыройы мен рейтингісіне мән берсе, енді бірі грантқа түсуге балы жеткенін таңдап жатады. Бұл үшін әрине, ешкімді айыптай алмаспыз. Ендеше Қазақстанда қай оқу орын сапалы білім беру жолында оқушыларға жақсы жағдай жасайды, қай ЖОО студенттерді техникалық құрал-жабдық тұрғысынан қамтамасыз ете алады? Бұл сұрақтар кез келген оқушы мен ата-ана үшін өзекті.

Егер ЖОО-ларды бағалайтын әлемдік рейтинг бойынша сараласақ, мынадай ақпаратқа кезігеміз. Университтер арасындағы танымал рейтинг жүйесі QS World University Rankings оқу орындардың деңгейін академиялық білім, зерттеу жүргізу, жұмыс берушілердің түлектердің біліміне қатысты ойы мен пікірі, шет елдік студенттер мен мұғалімдер саны бойынша бағалайды. Аталған әлемдік рейтингтің алдыңғы орындарын бірнеше жыл бойы АҚШ пен Ұлыбритания елдерінің университеттері иеленіп келеді.

Қазақстандық университеттер ішінен QS рейтингісі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 236-орынға жайғасқан. Сондай-ақ, рейтинг тізімінде қазақстандық тағы бірнеше университет: Қазақстан-Британ Техникалық Университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және т.б. кірген.

Алайда, университет таңдау жолында бір ғана рейтинг көрсеткішіне сүйену аздық етеді, сондықтан мамандықтар тізімі мен техникалық жағынан жарақтануына да назар салған жөн. Мәселен, техникалық мамандықтарды таңдаған абитуриенттер үшін арнайы зертхана мен практикалық жұмыстар жасауға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі маңызды. Сонымен бірге, университетте шетелдік мұғалімдердің сабақ беруі де үлкен тәжірибе болатынын айта кету керек. Қазақстанда мемлекеттік университеттермен бірге жеке меншік оқу орындары арасында айтарлықтай ерекшеліктер бар. Мәселен, жеке меншік оқу орындарының көбі заманауи оқыту методикаларын қолданады және дамуға, өзгеруге, жаңашылдықты қолдануға әрдайым ашық, әрі жаһандық замандағы өзгерістерге жылдам бейімделеді. Осыған қарамастан, жеке меншік мектептердің дипломын сенімсіз, стандарттарға жарамсыз деп ойлайтындар да кездеседі. Осы жағынан алып қарағанда, мемлекеттік университетке грантқа түсу мүмкіндігі көбірек болса, жеке меншік білім ордалары ішкі гранттар, жеңілдіктер ғана ұсына алады.

Жеке меншік университеттердің мемлекеттік білім орадалармен салыстырғанда тағы бір ұтылатын тұсы  оқу орын жабылып қалған жағдайда диплом жарамсыз болып қалуы мүмкін.

ҚазҰУ түлегі Дидар Халықтың айтуынша, университет студенттердің академиялық үлгерімін қана емес, түрлі іс-шараларға қатысу арқылы өздерінің әлеуметтік тұрғыда дамуына үлес қоса алады. Студенттің өзін-өзі дамуы мен белсенді болуына басымдылық берілген. Академиялық үлгерімге келсек, ҚазҰУ-да шетелдік университтерде оқып, тәжірибе алмасу процесі жақсы жолға қойылған. Мәселен, Академиялық мобильділік сияқты бағдарламалар арқылы студент жарты жылға дейінгі уақытта шет елде тәжірибе алмасуға мүмкіндігі бар. 

Қазіргі уақытта студенттер мен оқытушылардың біршамасы Қазақстандағы Назарбаев Университеті мен Қазақстан- Британ Техникалық Университеті жайлы ерекше шабытпен айтады.Расында, онда шетелдік оқытушылардың және студенттердің зертханалық жұмыстарына қажетті техникалық жабдықтардың көбірек екенін атап өту керек. 

Қастер Жұмағұл, ата-ана: Баланы мемлекеттік оқу орнына беруді қолдаймын. Әрине, жеке меншік ЖОО-лардың мемлекеттік білім ордаларымен салыстырғанда, академиялық үлгерім тұрғысынан немесе сапасы жағынан деңігейі төмен болмаса да, соңғысы мемлекет тарапынан қолдау мен бақылауға ие болады және жемқорлық сияқты әрекеттер салыстырмалы түрде аз орын алады деп ойлаймын.

Алина Жұматай, ата-ана: Меніңше, қазір жастардың қай жерде білім алғаны аса маңызды емес, бітірген университеттің атағы мен абыройына емес, баланың өзін-өзі дамытуына мән беру керек. Мейлі, жеке меншік болсын, мемлекеттік болсын, оқып жатқан мамандығын қосымша ізденіс арқылы жетік меңгеріп шығуы тиіс. Себебі көп жағдайда университте тәжірибеге қарағанда, теория көбірек оқытылады.

ЖМУ (Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университеті) түлегі Назерке Тлеубаева: Медицина мамандығынан басқа, барлық факультеттерді қамтитын Талдықорған қаласындағы жалғыз университет cтуденттерге арналған зертхана, спортзалдан өзге оқуға жабдықтарымен қамтамасыз етілген деп айту қиын. Алайда, бір жақсысы, стартап идеялары үшін арнайы кабинет жасақталған болатын. Университет газеті мен телестудия студенттердің тәжірибе жинауына маңызды мүмкіндік. Меніңше, түлектер ЖОО таңдауда осындай студенттерге арналған қолайлы, ыңғайлы мүмкіндіктерге назар аударуы керек. Сапалы білім студенттің өзін ортада еркін сезінуімен де тығыз байланысты.  

Университет таңдау бір қарағанда, бас қатырарлық мәселе болып көрінбегенімен, мән беріп қабылдайтын шешімдердің бірі. Жаһандану заманында халықаралық стандарттарды ұстанатын, теория мен бірге практикалық тәжірибені қоса сабақтастыра алатын білім шаңырақтары ғана, шын мәнінде сапалы, кәсібі маманды дайындап шығаруға қауқары жетеді.

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com

2484