Блог

16-04
2019
Еліміздегі ресурстық орталықтарда жұмыс істейтін әріптестеріміз тәжірибе алмасу мақсатында Алматыда бас қосты

Bilim Media Group компаниясының республиканың түкпір-түкпірінде орналасқан ресурстық орталықтары бар. Осы орталықтарда қызмет етіп жүрген әріптестеріміз компанияның Алматы қаласындағы бас кеңсесіне іс-сапармен келді.

Ресурстық орталық қызметкерлері компанияның ішкі жұмыстарымен, жоспарларымен танысу, жаңалықтарымен бөлісу, ой-пікірлерін ортаға салу, компания мен ресурстық орталықтар арасында тығыз байланыс орнатуды мақсат тұтады.

Әріптестеріміз бір апта көлемінде компанияның жұмысына қатысты ақпаратқа барынша қанығып, оқыту өнімдерінің қалай әзірленетінін көріп, ұжымның ішкі мәдениетімен танысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда компанияның жеті ресурстық орталығы жұмыс істейді.

Соның ішінде Орал, Талдықорған, Астана, Шымкент қалаларындағы ресурстық орталықтардан төрт әріптесіміз арнайы шақырылды. Ресурстық орталық тренерлері компанияның ішкі департаменттері мен олардың жұмысымен жақынырақ танысып, ұйымдастырылып жатқан түрлі байқаулар жайлы толыққанды мәлімет алды. Жалпы алғанда ресурстық орталықтардың мақсаты – білім беру ісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ), Bilim Media Group инновациялық компаниясының электронды оқыту ресурстарын қолдану бойынша мұғалімдер мен мектептер басшылығы үшін семинарлар мен тренингтер өткізу арқылы мұғалімдердің біліктілігін көтеру.

Тренинг өткізу барысында жиі қойылатын сұрақтар, мұғалімдермен, оқушылармен тиімді байланыс орнату жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тренерлерге өз ойлары мен идеяларын ортаға салуға да мүмкіндік берілді. Ресурстық орталықтардың мамандары Алматы қаласындағы мұғалімдерге тренинг өткізіп, тәжірибелерін кеңейтті, осылайша тренинг өткізу сапасының көтерілуіне жағдай жасалды.

Компания қызметкерлері өз жұмыстары мен зерделеген жобалары, жеткен жетістіктері мен ізденіс нәтижелері, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде әріптестеріміз де ресурстық орталықтардағы жұмыстары мен жоспарлары жөнінде әңгімелеп беріп, өз тарапынан жаңа 3D курстар құрастыру, оқушыларға арналған жаңа байқау ұйымдастыру сияқты ұсыныстарын білдіріп, тың идеяларымен бөлісті.

Сондай-ақ аптаның соңында Bilim Media Group компаниясының барша ұжымы өз қонақтарын ертіп жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі teambulding-ке аттанған болатын. Керемет табиғатымен кең құшақ жая қарсы алған Ақбұлақ демалыс кешенінде қызметкерлер ой өрісін кеңейтетін түрлі қызық жаттығулар, бәйгесіне жүлде тігілген эстафета, баскетбол, футбол ойындарына тәнті болып, сергіп қайтты. Өмірдің өзі талай көрсеткендей, осы секілді ишаралар алға қойған мақсаты бір, азаматтық тынысы бір әріптестердің бірлігін күшейтіп, бұрыңғысынан да жұмылдыра түседі.

1114