Блог

24-05
2019
XVI Еуразиялық Медиа Форум – халықаралық геосаяси, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыға түсетін алаң

Алматыда The Ritz-Carlton қонақүйінің территориясында XVI Еуразиялық Медиа Форум өтіп жатыр. 2002 жылы негізі қаланған халықаралық геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыға түсетін алаң биыл 60 елден келген 500-ге жуық сарапшының басын қосты.

Ауқымды жиынның алғашқы күні шетелден келген медиасарапшылардың тақырыптық шеберлік дәрістеріне арналды.

Медиа Форум 22 мамырдан 24 мамырға дейін жалғасады және ресми ашылу салтанаты 23 мамырда өткен болатын.

 «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде түске дейін журналистерге арналған авторлық шеберлік сабақтары өтті. «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту жөніндегі қорының қолдауымен өткен жиында шетелден арнайы келген спикерлер журналистиканың жаңа құралдарымен, заманауи құпияларымен бөлісіп, өнер, мәдениет, кино өндірісі турасында сөз қозғады.

The Ritz Carlton алаңында үш күнге жоспарланған медиа форумның шымылдығын жастарға арналған News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы Нельсон Грейвс (Франция) ашты, ол «Экологиялық журналистика» тақырыбында дәріс оқыды. 25 жылдай уақыт Reuters агенттігінің корреспонденті, редакторы, аймақтық бюро жетекшісі болып қызмет еткен Нельсон бүгінгі таңдағы экологиялық проблемалардың қауіп-қатерін алдын ала болжау аса күрделі шаруа екенін айтты. Өйткені қоршаған ортаның күнтәртібіндегі мәселелерінің себебі мен салдарын неше жылдан бері зерттеп жүрген халықаралық ғылыми орталық мамандарының өзі бұл сала бойынша нақты болжам, яки шешім айта алмайды. Сондықтан экология тақырыбына қалам тартып жүрген журналистердің бұл бағыттың өзекті мәселелері турасында қандай да бір болжам айтып, шешім шығаруы әсте мүмкін емес дегенді алға тартқан маман «Дейтұрғанмен журналистердің экологиялық ғылым мен қоғамның арасын байланыстыра алатын үлкен күші бар» дейді.

Экологияның кез келген түйткілді мәселесінің түйінін тарқатуға тиімді әдістеме қажеттігі сөз болды. Ол үшін методиканың мазмұны мен мәніне үңілуге мүмкіндік беретін сауатты сипаттау үлкен маңызға ие. Осы орайда, журналистердің жұмысына үлкен басымдық берілуі тиісті. Мәселен, қандай да бір экологиялық проблемадан зардап шеккен тұрғындардың тағдырын баяндау арқылы журналист үлкен проблеманың сипатын жасай алады. «Бір қарағанда, жалқыдан жалпыға дейінгі қалыпты тәсіл көрінгенімен, ұлы бастамалардың барлығы дерлік қарапайым адамдардың аяулы өмірінен бастау алады. Десек те, журналист экология құрбандарының тағдырын баяндаумен шектеліп қалмауы қажет, бұл орайда ғалымдардың зерттеуі, тиісті (жауапты) мекемелердің дерек-дәйектер мен адам тағдыры дейтін үш таған бір арнада тоғысуы шарт. Содан кейін ғана тиімді әдістеме талап етуге, яки қажетті нәтиже күтуге журналистік құқымыз бар» дейді Нельсон Грейвс.

Экологиялық проблемаларға деген журналистиканың қарым-қатынасы туралы, ондағы журналистік шеберлік жайындағы мазмұнды баяндамадан кейінгі сөз кезегі «Моңғол», «Көшпенділер», «Кавказ тұтқыны» сынды фильмдерімен әйгілі ресейлік танымал кинематографист Сергей Бодровқа берілді. Ол «Кино өндіру өнері» тақырыбында шеберлік сағатын өтті.

«Қазақстанға деген ықылас-ілтипатым ерекше. Мұнда кино түсіруді бастадым» деген әсерлі алғысөзімен бастаған режиссер кино жасау, фильм жасаудың қызығы мен қиындығы туралы тұщымды дәріс оқыды. «Кино өндірісін өнер деп қарау бекер, бұл - күрделі де қиындығы басым жұмыс» дейді кинематографист.

Ресейлік режиссердің дәрісін ерекше ынтамен тыңдаған қатысушылардың кино түсіруге продюсер тартудың тетіктерін білу аса қызықты болды. «Үлкен кино түсіруге қомақты қаражат қажет. Идеяңа сенетін, сені қолдауға даяр, кино әлеміне бірге сапарлайтын серіктестің болуы аса маңызды» деген маман жақсы продюсердің назарына іліну үшін адами құндылықтарды насихаттайтын, я болмаса, тарихты, ұлттың басынан кешкен уақиғаларын баяндайтын сауатты сценирий қажеттігіне баса назар аудартты.

Өз замандастары мен бүгінгі жастардың кинотуындыларын салыстыра отырып, саладағы өзекті мәселелер турасында аудиториямен ауқымды пікірталқы ұйымдастырған режиссер «Қазақстандағы жастарды бірігіп жұмыс істеуге, адамзатқа пайдасы бар дүниелер жасауға шақырамын» деді.

Бұдан кейін әл-Жазира телекомпаниясының құрамындағы «Contrast» агенттігінің жетекшісі Захра Расул (Үндістан) БАҚ-та дәйекті әрі деректі тақырыптарды қамтитын репортаждардың үлесін арттыру турасындағы тәжірибесімен бөлісті.

Кәсіби қызметінде 360 градус, виртуалды шынайылық (VR) тәсілдерін қолдану арқылы видео түсірумен айналысатын, сәйкесінше осы технологиялар турасында тұщымды ой айта алатын маман «Экологиялық, яки климаттық мәселелерге қоғам назарын аудару үшін VR тәсілдерін қолданатын болсақ, көп нәрседен ұтатын едік» дейді. Өйткені, бұл тәсіл көрерменнің өз шындығын басынан бастап құруға мүмкіндік береді. Спикер өндірісте әрі шығармашылық жұмыста VR тәсілдерді қолданудың артықшылықтарын атап өтті, оның құпияларымен бөлісті.

Дейтұрғанмен, Захра Расул журналистік зерттеудің ұтымды шығуы үшін, оның оқырманның, яки көрерменнің назарын аударып, ықыласына бөленуі үшін аталмыш заманауи технологияларды қолдануды міндеттеген жоқ. «Журналистік зерттеудің барлығы виртуалды шынайылық технологияларын талап етпейді. Оқиғаны баяндаудың көркін ашатын болса ғана VR тәсілдер қолданыңыз» деп атап өтті.

Бүгінгі ғаламдық өзекті оқиғалар жайында бейнетуынды даярлаумен айналысатын журналист жергілікті журналистердің ерен еңбегі туралы айтты. Мәселен, Йемендегі соғыстан кейінгі жағдай турасында баяндайтын бейнесюжетке ондағы репортерлердің сіңген еңбегі зор. «Олар түрлі қауіп-қатерлер мен кедергілерге қарамастан сюжет дайындауға тәуекел етті, өйткені бұл олардың жанайқайы болса керек» деген Захра Расул бұл орайда адамдарға, әсіресе жастарға өз тағдырын баяндауға мүмкіндік бергенін айтады. «Contrast» агенттігінің негізгі міндеті – қоғамдағы қандай да бір мәселеге әлеуметтің қызығушылығын ояту, сол арқылы тақырыпты талқылауға тарту. «Қоғамның белсенділігі аса маңызға ие» дейді маман.

Түске дейінгі дәрістер легін тәуелсіз журналист Дженни Климан (Ұлыбритания) бүгінгі таңда журналистика саласында аса өзекті тақырып - «Фрилансансер болудың артықшылығы мен кемшілігі» атты шеберлік сағатын ұсынды. «Журналистика – күнкөріске нәпақа табудың қызықты тәсілі, алайда бұдан материалдық тұрғыда байып кете алмайсыз, бірақ тәжірибе мен эмоцияға әбден қанығатын мүмкіндік» деп баға берген журналист жастарға «Сіздің бойтұмарыңыз – тек журналистік идеяларыңыз» деген кеңес берді. «Өзіңе сен, өзінен өзге білімің мен білігіңе, еңбегің мен тәжірибеңе ғана сене аласың. Әйтпесе, нағыз журналист болу қиын» дейді Дженни. Идея атаулысының өзегі қоғамның өзінде жататынын ерекше атап өткен Дженни адамдармен, мамандармен көбірек сөйлесу керектігін ескертті.

Дженни Климан фрилансер болудың артықшылығы мен кемшілігі, қызығы мен қиындығы туралы кеңірек баяндап берді. Фрилансер өз атына жұмыс істеуі қажет, фолловерлерінің саны артқан сайын, қамтитын тақырыбының ауқымы кеңейе түседі. Бұдан өзге, тәуелсіз журналист құқықтық тұрғыда сауатты болуы аса маңызды әрі әрбір құжатына мұқият болғаны абзал. «Құқықтық сауатты болудан бөлек, салмақты да сабырлы болуға үйреніңіз. Сізді құқыққорғау органдарының өкілдері тоқтатып қалған жағдайда, байыппен мәселені түсіндіріп беруге тырысыңыз, бас салып ашуға берілуден аулақ болыңыз» дейді журналист.

Тәуелсіз журналист бірінші кезекте өз қауіпсіздігін алдын ала бағамдап алуы шарт. Сізге тапсырып беруші редакциямен арадағы келісімді ұсақ-түйегіне дейін талқылап алуды ұсынды. «Emergency response - журналистердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұйым. Бұл ұйым барлық мемлекетте бар, олармен міндетті түрде байланыс орнатуыңыз қажет» деп атап өтті маман. Шеберлік сағатын Дженни «Журналист ретінде ешкімге ешқандай уәде бермеңіз. Әсіресе, баяндалатын уақиғаның анонимді болатыны жөнінде сөз беруден аулақ болыңыз. Сіздің жоспарыңызға редактордың өзгеріс енгізе алатыны есіңізде болсын» деген кеңесін берді.

Шеберлік сағаттар аясында әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер ортақ талқыға түсті, атап айтсақ, экологиялық журналистика, халықаралық құқық пен сын-қатерлер, заманауи технологиялардың тиімділігі, бүгінгі журналистің қызметі мен міндеті турасында ойлы пікірталқы өтті.

 «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер ортақ талқыға түспек, атап айтсақ, дендеген дағдарыс үдерісі, тығырыққа тірелген тұтынушы «күйзелісі», медиа саланың цифрлануы, халықаралық құқық және сын-қатерлер, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектің кеңінен таралу тегеуріні турасында салмақты, ойлы пікірталқы өтеді.

Орта Азиядағы негізгі әрі тәуелсіз пікір алмасу платформасы болып саналатын ЕМФ басты міндеті - саясаткерлер, журналистер және Қазақстандағы, Еуразиядағы және халықаралық қоғамдастықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшыларының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау.

Франциялық Нельсон Грейвз, Reuters агенттігінің экс-журналисі:

– Біз бүгін климаттың өзгеру мәселесіне басымдық бердік. Бұл тақырып Еуропада да, Батыста да жиі талқыланады. Алайда бүгін мен сіздердің елдеріңізде де ауаға лас қалдықтар жіберілетінін естідім. Ия рас, қалалар дамып жатыр, өндіріс өсуде, автокөліктер көмірқышқыл газын бөліп жатыр ауаға. Егер ақпарат құралдары бұл проблеманы жиі көтерсе, ғаламдық мамандар назар аударатыны сөзсіз. Олар климатты сақтаудың жолдарын іздейді. Ең бастысы ақпаратты бере білу керек. Бүгінде журналистикада бәсеке басым. Сондықтан кәсіби журналистер мобильдік журналистиканы меңгеріп, сандық технологиялар арқылы материалдар жасау машығын барынша игеруі тиіс. Алайда, сарапшылар, сандық технологияны журналистикада тиімді қолдану керек дейді.

Иво Бурум, Австралиядан келген медиа пәндер оқытушысы:

– Шынайы қарым-қатынас өте маңызды. Әрине, робототехника өмірімізге еніп келеді. Бірақ біз оны тиімді қолдана білуіміз керек. Журналистің, диктордың ақпарат жеткізуші екенін ескерсек, мұнда робот емес, нақты маманның рөлі маңызды. Медиакеңістіктегі соңғы трендтер де форумның тақырыптық нысанына айналды. Мәселен, қоғамның құлағы үйрене бастаған фрилансер қызметі журналистикаға дендеп еніп келеді. Қашықтан жұмыс істейтін тәуелсіз журналистердің қызметі қаншалықты тиімді? Ерекшелігі неде?

Дженни Климан, фриланс журналист, Ұлыбритания:

– Журналистика саласында фрилансер болу үшін батылдық керек. Себебі ол – үлкен жауапкершілік әрі тәуекел. Журналист өзінің идеясын ұсынып,табандылық таныта білу керек. Қазақстанның деректі журналистика мен кинематография саласында талантты және билікті мамандар өте көп. Кинодағы продюсерлік өнерге арналған шеберлік сабағын жүргізген танымал кинорежисер Сергей Бодров отандық киноиндустрияның көкжиегі кең екендігін атап өтті. Сергей Бодров, кинопродюсер:

– Қазақстандық киномамандардың кәсіби әлеуеті үлкен. Қазір үлкен студия салынбақ. Кино қоры жасалып жатыр. Мемлекет қазақстандық киноиндустрияның дамуына көмектесіп жатыр. Нәтиже де алыс емес деп ойлаймын. Медиакеңістіктің беделді сарапшылары журналистиканың цифрлық жүйедегі келешегі мен жасанды ақыл-ойды кеңінен пайдаланудан туындайтын сын-қатерлер жайында ой бөліседі.

Алқалы жиынның екінші күні де маңызды мәселелер жайлы әлемдік сарапшылардың пікірімен ерекшеленді. Онда еліміздің және шетелдің мемлекет қайраткерлерінің арнайы құттықтау хаттары оқылды. Форум қатысушылары «Жаһанданусыз әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» деген тақырыптағы мәжілісте бас қосып, өзекті тақырып, «Тұтыну дағдарысы», энергетикалық ресурстың азаюы мәселесі жөнінде сөз қозғады. Сарапшылар адамзат алдында тұрған мәселелерді шешу үшін қандай технологияларды дамыту мәселесін талқыға салды.

Бүгінгі, форумның соңғы күнінде «СЕНІМНІҢ ЖОҒАЛУЫ. ЖАҺАНДАНУ ЖАЙЫ», «БЛОГЕРЛЕР ВИРТУАЛДЫҚ ӘЛЕМНІҢ ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАРЫ МА?», «ЗАҢДЫ – ЗАҢСЫЗ: МАРИХУАНА ҚОЛЖЕТІМДІ!» тақырыптары бойынша отырыстар өтіп жатыр. Күннің екінші жартысында Медиафорумның жабылу салтанаты өтпек.

XVI Еуразиялық Медиа Форумның кезекті отырысында әлемдік геосаяси картада жанжал оты өршіп, қарулы қақтығыс аймақтарының пайда болуына не себеп деп келетін бірнеше тақырып сарапшылар талқысына түсті. Саясаттанушылар мен сарапшылар, әлемге танымал журналистер мен медиа саласының беделді мамандары күн тәртібіндегі «Сенімнің жоғалуы. Ғаламдық күш теңгерім» тақырыбындағы көкейдегі ойларын ортаға салып жатыр. Бұл тақырыпты қаузайтындар арасында АҚШ Президенті Дональд Трамп сайлау штабының басшысы, Ақ үйдің аға кеңесшісі болған Стив Бенон, ұлыбританиялық СЖТН телеарнасының атқарушы директоры Стивен Коул, саяси тәуекелдер бойынша талдаушы Джеремис Кетнер сынды халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшылар бар. Олар мемлекеттер арасындағы шекара тұтастығы, күш-қуатты пайдаланбау, дау-дамайды бейбіт түрде шешу сынды әлемдік тәртіпте бірік орныққан ережелер төңірігендегі әрқилы көзқарастар салдарынан туындайтын проблемаларды көтерді.

Дереккөз: eamedia.org24.kz

1694