Блог

2-07
2019
Ақпараттық технологияға өткен 8 мамандық

Ақпараттық технологиялар дамыған заманда цифрлы құрылғылардың қыр-сырын білу маңызды. Көптеген үйреншікті мамандықтардың өзін бүгінгі таңда IT-технологияларсыз елестету қиын. Солардың бірнешеуін саралап көрелік:

1. Композитор

Моцарт пен Бах өмір сүрген заманда музыкалық аспаптар қолдан жасалатын, әрі бағасы да анағұрлым қымбат болды. Тіптен, көптеген шығармашылық туындылар оркестрге бейімделіп жазылды. Ал бүгінгі таңда қандай да бір туынды жазып, орындау үшін арнайы компьютеріңіз болса жеткілікті. Олар композицияны жазу барысын айтарлықтай жеңілдетеді. Секвенсордың көмегімен тек қана электронды музыка ғана емес, қажетті жабдықтар болған жағдайда, қосымша аспаптар дыбысын және вокал қосуға болады. Қосымша ақпараттық жабдықтау шынайы синтезатор дыбысын қосып, бірегей дыбыс жасай алады. Сонымен қатар, әртүрлі плагиндердің көмегімен музыканы дамыта түсуге болады. Ол үшін дыбыс физикасы мен коммутация принциптерінің бастапқы білім негіздері керек.

2. Лингвист

Соңғы он жылдықта онлайн аудару платформалары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Кезіндегі өрескел қателіктер бүгінде азайған. Қарапайым мәтіндерден бастап, ресми құжаттарды онлайн аудару ісі жеңілдеп, іздеу сайттары нақты ұсыныстар жібере алатын деңгейге жетті. Мұның барлығы – компьютерлік лингвисттердің немесе қарапайым сөзбен айтқанда, онлайн аудармашылардың еңбегінің нәтижесі. Бұл мамандық иелерінің тағы бір қызметі - өзіндік білім алу алгоритмін қалыптастырып, олардың жұмысын қадағалау. Мұндай бағдарламалар адам қызметінің когнитивтік қызметін алмастырады. Олар мәтіннің мағынасын “түсініп”, диалог жүргізуге қабілетті. Мысалы, сөзбе-сөз аударманың орнына, семантикалық, яғни сөздердің жалпы мәтінмен байланысы ескеріледі.

3. Архитектор

Қазірдің өзінде құрылыс барысында көптеген үйлер температура, дымқылдық, жарықтандыру және ауадағы тұрмыстық газдарды анықтайтын құрылғылармен жабдықталуда. Барлық құрылғы өзара байланыстырылып, бір цифрлық жүйеге біріктірілген. Оларды, өз кезегінде, есік ашылғанда смартфоныңызға белгі беретіндей немесе қандай да бір оқыс оқиға орын алғанда бірден сигнал жіберетіндей етіп қондыруға болады. Заманауи технологиялардың арқасында жарық пен электр құрылғылары қажет болған кезде ғана іске қосылады. Мұндай жүйелерді орнататын мамандар тек жақсы архитектор емес, сонымен қатар инженер-бағдарламалаушы болуы қажет. Сол себепті мектептегі “бағдарламалау маған қажет болмайды” дегенді ұмыту керек. Тиісті білім деңгейі болашақ сәулетшіге “ақылды үй” инфраструктурасын жобалаушысына айналуға мүмкіндік береді.

4. Фермер

Қала тұрғындары көбейген сайын, жеміс-жидек пен көкөністерге деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Сити-фермер – тек ауыл шаруашылығын ғана емес, ақпараттық-инженерлік технологияларды жіті білетін маман. Қалалық шаруа қожалығын ұйымдастыруда нақты есеп пен толық жоспарлау талап етіледі, сонымен қатар ауа дымқылдығы, оттегі мен көміртегі деңгейі, жарық сияқты әсер етуші факторлар арнайы құрылғының көмегімен қадағаланады. Қаладағы фермалар мүлдем күтпеген жерлерде орналасуы мүмкін. Мәселен, жертөледе, зауыт қоймаларында немесе ескі автотұрақтарда да кездесуі ғажап емес. Әлем тәжірибесіне сүйенсек, дәл осы әдіспен көптеген ауыл шаруашылық өнімдері ірі қалаларда өндірілуде.

5. Қаланы жоспарлаушы

Заманауи жобалаушылар архитектура мен экономика, социология мен ақпараттық сараптау тоғысында қызмет етеді. Олар қаланың бас жоспарын әзірлеп, қалыптасқан жобаларды қайта жаңғырту ісімен айналысуда. Бұл мамандық иелері қаланың заманға сай дамуы үшін тұрғындардың қозғалыс траекториясынан бастап, көліктер қозғалысының тығыздығына дейін ақпарат жинайды. Ақпаратпен жұмыс істеу барысында статистикалық мәліметтерді, геоақпараттық жүйелерді өңдейтін бағдарламаларды қолданады. Ал кейде, қолда бар бағдарламалар жүргізілген зерттеулерге сай келмеген жағдайда, жобалаушылар арнайы жаңа алгоритмдерді өздері жасауға мәжбүр болады. Осындай зерттеулер нәтижесінде қоғамдық көліктің маршруты реттеліп, жаңа жолдар мен жол айрықтар салынады.

6. Психолог

“Әлеуметтанушы – анкета ұстаған маман, саясаттанушы – ток шоулардың қонағы, психолог – дұрыс өмір сүруді үйрететін адам,” бұл халық арасында тараған жансақ пікір. Қазіргі мамандар тек теориялық тұрғыдан ғана емес, IT-технологиялардан да хабардар. Уақыт пен қаражат үнемдеу мақсатында көптеген зерттеу жұмыстары шынайы адамдардың емес, заманауи технологиялардың көмегімен жүргізіледі. Арнайы бағдарламалар мен құрылғылардың арқасында зейін, есте сақтау мен ойлау қабілеті анықталады. Ол үшін де өзіңіз түсінгендей, ақпараттық технологиялардың қыр-сырын білу маңызды.

7. Маркетолог

Қарапайым маркетологқа қарағанда, нейромаркетинг маманы фокус-группа жауаптарына қанағаттанбайды. Оның сенім артатын ақпарат көзі – адамның миы мен физиологиялық ерекшеліктері. Ал ол мәліметтерге қол жеткізу үшін нейромаркетологтар түрлі заманауи технологияларды қолданады. Бұл құрылғылар көз қарашығының қозғалысын, қоғамның бірінші кезекте назар аударатын нәрселерін анықтайды. Мамандық ерекшелігіне байланысты нейромаркетологтар психологиялық және биологиялық білім алуына болады. Сонымен қатар, психологтар секілді, статистикалық мәліметтерді өңдейтін бағдарламаларды жақсы біледі.

8. Генетик

Қазіргі кезде көптеген әлемдік компаниялар ісік (рак), Альцгеймер, ЖИТС (СПИД) секілді ауруларды емдеу мақсатында адам геномын зерттеуге миллиардтаған қаржы жұмсауда. Сонымен қатар, адам геномын зерттеу барысында, оның ісік ауруларына бейімділігі анықталады. Әрбір молекуласы маңызды рөл атқаратын құрылым туралы айтылғандықтан, генетик мамандар көпшілікке қолжетімді автоматтандырылған бағдарламалар мен алгоритмдерді ойлап табуда.

XXI ғасырдағы мамандықтардың жойылуына роботизация мен автоматизация әсер етуде. Жойылып бара жатқан мамандықтар – қоғам мен технологияның дамуына байланысты уақыт өте өзектілігін жоғалтатын мамандықтар. Қандай да бір мамандық 1-2 жылда жойылмайды, кейде бұл құбылыс ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Оларды толығымен жоқ болады деуге де болмайды, яғни, сол салада қызмет атқаратын мамандар саны айтарлықтай қысқарады деген сөз.

Ақпараттық технологиялар қоғамның дамуында, білім алу мен мәдениет саласында алдыңғы қатарда тұр. Барлық дамыған және көптеген дамып келе жатқан елдерде компьютерлік, телевизиялық техника, оқу бағдарламалары мультимедиялық түрде пайдаланылуда. Яғни, технология тек тек қана жоғарғы оқу орындарында ғана емес, орта мектептерде, тіпті күнделікті үй жағдайында үйреншікті құрал болып отыр. Ақпараттық технологиялардың дамуы – адамзаттың жаһандық проблемаларын шешуге, атап айтар болсақ, әлемдік өркендеу дағдарысын шешуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз. 

11887