Блог
2019
Алматыда алғаш рет Media and Business тақырыбына арналған SUMMER FEST бизнес фестивалі өтті. Жоба ұйымдастырушылары бизнес, цифрлы журналистика мен сторителлинг әлеміндегі ең қызықты жаңалықтарды бір арнаға тоғыстыра білді. Ашық аспан астында өткен бірегей шарада белгілі бизнесмендер мен танымал вайнерлер шеберлік сағатын өткізіп, қазақстандық кәсіпкерлер шынайы түрде жеке тәжірибелерімен бөлісті.
Bilim Media Group компаниясы да аталған шараның ұйымдастырылуына атсалысқанын айта кеткен жөн. Білім беру саласындағы медиа компания болғандықтан, заман талабына сай барынша мол тәжірибе жинауды көздейміз әрі осы мақсатта белгілі тұлғалармен сұхбаттасу мүмкіндігін құр жібермедік.
Арманжан Байтасов, кәсіпкер, Summer FEST ұйымдастырушысы:
– Мұндай шара ұйымдастыру туралы ой аяқастынан келді. «Бизнес FM» радиостанциясын ашар кезде, тек қана радио болады деп шешкенбіз. Алайда Қазақстан халқы 100% радиоға дайын емес екенін түсіндік. Сол себепті Нұрберген Махамбетовті шақырып, музыка мен бизнес жайлы ақпаратты қоса шығаратын болдық. Бүгінгі SUMMER FEST – біз өткізіп отырған бірінші шара. Бұл – бизнес жайлы білім алу, семинарлар мен лекциялар, және осы салада қызмет етіп жүрген адамдардың бір-бірімен танысып, тәжірибе бөлісетін алаңы. Фестиваль концепциясын 2-3 күнде жазып шығардық. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай шараны жылдың 4 мезгілінде де өткізуді жоспарлап отырмыз.
- Bilim Media Group компаниясының осы шараға демеуші болғанына өте қуаныштымын. Сіздерді танып-білушілер саны күннен-күнге артып келе жатқандығы баршаға аян. Көптеген кітапты қазақ тіліне аударып жатқандарыңызды да білемін. Мен Марғұлан Сейсенбаев және Қуаныш Шонбай секілді спикерлердің дәрістерін тыңдап жүрмін. Олардың аудиториясы өте үлкен, барлығына сапалы білім қажет. Ал сіздердің қазіргі атқарып жатқан жұмыстарыңыз – ең керек дүние, үлкен жұмыс.
Ержан Рашев, блогер, кәсіпкер:
- Менің ойымша, білім саласы үнемі өзгеріп, түрленіп отыратын құбылыс. Ол тіпті 2-3 жылдың өзінде де бір орында тұрмайды. Ұдайы өзгерістен қалыс қалмау үшін жаңашылдықтарға дайын болу керек, ең үздік өзгерістер мен трендтерді елімізде жүзеге асыру қажет.
Досым Сәтпаев, саясаттанушы:
- Мемлекет мұндай жобаларды қаржыландыруы керек. Бізге әртүрлі бағыттағы, қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі жаңа жобалар ауадай қажет. Себебі біздің балаларымыз жаһандық дәрежедегі бәсекелестігі жоғары ортаға түседі. Егер де қазіргі кезде оларды сапалы түрде дайындамасақ, олар өз кезегінде жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін қиыншылықтарға тап болады. Мен сіздерге осы салада неғұрлым ұзақ уақыт қызмет етулеріңізді тілеймін. Оқырмандарыңыз көп болып, оларға барынша қызықты жобалар ұсыныңыздар, ең бастысы – оқырмандарыңызды жаңа білімге шабыттандырыңыздар!
Елімізде бизнесті дамытуға, кәсіпкерліктегі жаңа қарым-қатынастар орнатуға және бизнес-медиа тақырыбы аясында түрлі өзекті мәселелер туралы пікірталасқа қатысуға мүмкіндік беретін жобалардың жүзеге асырылуы, расымен де қуантарлық жайт.