Блог

6-08
2019
«Р» әрпі

Балалардың кей сөздерді айта алмауы өте жиі кездеседі. Тіпті 4 жасқа дейін мүлдем сөйлемей, кейін ұзақ сөйлемдерді нақты айта алатын балалар да кездеседі. Балалар үшін ең қиын әріп «Р» болып табылады.

5-6 жасқа дейін бала тілі қалыптасады, кейбір дыбыстарды айта алмай, кейде орындарын ауыстырып та айтады. Бұл жаста дабыл қағудың қажеті жоқ. Қажет десеңіз, логопедтің кеңесіне жүгінуге болады. Маман тілді дамытуға арналған жаттығулар тағайындап, баланың не себепті кейбір дыбыстарды айта алмауының себебін анықтап береді. Білікті маман қандай да бір ауытқушылықты ерте кезеңнен анықтай алады. Мәселен «Р» әрпін айта алмау – дизартрия немесе дислалия сияқты бас миының зақымдануынан болуы да мүмкін.

Тілді дұрыс қою үшін «Д» және «З» әріптері көмектеседі. Тіл жасушаларын дамыту үшін ойын түріндегі жаттығулар жақсы әсер етеді. «Тррррактор» немесе «рррррадио» сөздерін қайталау керек. Түрлі дыбыстарды қолдану арқылы ойын ойнау балаға үлкен жәрдем болады.

Баламен бірге түрлі жаңылтпаштар айтыңыз. Мысалы:

Қарға мен бала

Менің атым Қаррр-ға

Баррр-дым ұшып жаррр-ға

Қаррр-ным ашты, қалқам,

Іррр-імшігің баррр-ма?

Жоқ болса тұррр жаррр-да

Ол жаққа енді баррр-ма!

Іррр-імшігім баррр, баррр,

Бол қасымда қаррр-ға.

Буын ұйқас

Ра-ра-ра – Айжан шашыңды тара

Ра-ра-ра – қозыға жақсы қара.

Ры-ры-ры – мінген атым торы

Ры-ры-ры – жинап алдым тары.

Ар-ар-ар – далада қалың қар

Ар-ар-ар – үйге жылдам бар.

Ыр-ыр-ыр – жаттап алдым жыр

Ыр-ыр-ыр – айтылмайды сыр.

Осы сынды «Л» әрпі бар жаңылтпаштарды қоса жаттаудың пайдасы көп. Сол арқылы бала «Р» және «Л» әріптерін ажырата алады.

«Р» дыбысын қою дыбыс қоюдың ішіндегі ең қиыны. Дыбысты қою үшін жұмысты ең алдымен артикуляциялық жаттығудан, тіл мен еріннен бастау керек. Бала тілін таңдайға көтеруге, сол күйде ауызды сәл ашып тіл ұшын қозғауға үйрету, алға қарай тілдің дірілдеуін алу үшін қатайту. Тілдің пішінін, тонусын өзгертіп жалпақ-жіңішке, қатайту – босаңсыту жаттығуларын жасату. Жалпақ тілді жоғарғы ерінге жапсыра бірнеше секунд төменгі ерін, жақты қозғамай ұстау. Тілмен әртүрлі қимылдар жасау: ерінді жалау, тілмен бетін ұрғылау, тілін ауыз бұрышына апару т.б. Тілді жоғары көтеруге қиналса қасық сабымен не саусақпен көмектесуге болады. Тілді сору, қағу, таңдайға жапсырылған кәмпитті түсіру өте пайдалы.

Егер де бала дыбыстарды дұрыс айта алмаса, ұрысудың қажеті жоқ. Оның орнына баланы неғұрлым көп жаттығуға ынталандырыңыз. Себебі балаға қызық болмаса, қанша тырыссыңыз да нәтижесіз болуы мүмкін.   

3993