Блог

13-08
2019
Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық дамуы

Шығармашылыққа жақын бүлдіршіндер әр түрлі жаңашылдыққа құмар келеді. Негізінде баланың шығармашылық қабілеттері айтарлықтай ерте кезден біліне бастайды. Егер де ата-ана соны байқап, уақытында дамытуға көмек көрсететін болса, болашақта ол балада қандай да бір дарын пайда болуы мүмкін. Мәселен, бір жасар балаңыз музыкаға ырғақпен қозғаласа бастаса, яғни музыканың ырғағын дәл қабылдап отырса, назар аударыңыз. Бәлкім, алдыңызда болашақ биші отырған шығар?

Шығармашылық дамудың пайдасы:

- Қиялдай білу;

- Тәуекелге бара алу;

- Ой шапшаңдығы;

- Интуицияның дамуы;

- Эстетикалық құндылықтар;

- Күрделі заттар мен құбылыстарды түсіне білу.

Жасына сай баланың қабілетін қалай дамытқан дұрыс:

- 4 жасқа дейін үнемі баламен бірге жаттығулар мен шығармашылық бағыттағы ойын ойнаңыз;

- 5-6 жастан қиялдау мен елестетуге арналған жаттығуларды орындау қиынға соғады. Бұл жаста көп жағдайда баланың қандай да бір қабілеті байқалып, соны дамытуға бағытталған іс-әрекеттер жасуға болады;

- 7 жастан бастап көбіне кәсіби жаттығулармен айналысқан дұрыс. Мәселен, музыкалық жаттығулар немесе сурет салу мектебіне түсуге болады.

Ата-анаға баланың бастамалары мен іс-қимыл дербестігін қолдап отыруы маңызды. Бұл тұста баланы шектен тыс өбектеудің қажеті жоқ.

«Сен әлі кішкентайсың», «сен үшін өзіміз жасай саламыз», «мынаған тиіспе», «қолыңды былғайсың» деген сияқты сөздерді қолданбауға тырысқан жөн.

Баланың шығармашылық қабілетіне оның өмір сүріп жатқан ортасы мен араласатын адамдары тікелей байланысты. Тұлғаның кез келген бағыттағы дамуына үйдегі ауа-райы, өзіне деген сенімділігі, қауіпсіздік пен махаббат сезімі, жақындарының қолдауының әсері көп.

Сонымен қатар, бүлдіршінге келесі жағдайлар қажет:

- Жоғарыда айтылған қолайлы қоршаған орта.

- Ұстаздың немесе ата-ананың мейірімі.

- Балаға сын айтпау.

- Қызықты идеяларды қолдап, оларды орындаған жағдайда жоғары бағалау.

- Тәжірибелік жаттығуларды орындауға мүмкіндік беру.

- Әр түрлі мәселені шешуде шығармашылық тұрғыда үлгі көрсету.

- Баланың кез келген сұрағына жауап беру.

- Оқу немесе ойнау барысына балаға өз ойын білдіруге мүмкіндік беру.

- Бүлдіршін қандай да бір істі орындай алмаған жағдайда мысқылдап күлмеу, түсінуге тырысу.

Барлық балада шығармашылық қабілет бар деп айтуға болады. Мұндағы басты мәселе – деннің саулығы мен баланың қалыпты дамуы. Сол себепті бұл қабілеттерді теорияда да, тәжірибе жүзінде де дамыту керек. Айта кетейік, шығармашылық мамандықтар қашан да сұранысқа ие.

Көркем қиял мен шығармашылық қабілетті дамыту қаншалықты маңызды?

Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің шығармашылық қабілетін толыққанды көрсете білуі керек. Ол үшін актер, әнші немесе суретші болу керек деген талап жоқ. Ерекше ойлай білу – болашақтағы өмірде де аса қажетті. Шығармашылық белсенділік – бірінші кезекте, өз ойын еркін білдіруге мүмкіндік береді. Баланың сүйікті хоббиінің болғаны жақсы.

Әр бала ерекше, шығармашылық дамуы да әр түрлі өтеді. Бірі кез келген бастаманы оңай қолға алатын болса, екіншісі еркелеп, ата-анасы ұсынған ойыннан да бас тартуы қалыпты жағдай. Бала логикасы табиғи ерекшелігіне сай қызықты, тіпті бейқалыпты болуы мүмкін. Шығармашылық қабілетті анықтау – есте сақтау мен ойлау қабілетіне де әсер етеді. Шығармашылық ойындар баланы мектеп бағдарламасын қабылдауға септігін тигізбек. Қиялдау қабілеті дамыған балалар қоршаған әлемді оңай түсіне алады. Ең бастысы – олардың ынтасын шектемеу. Шығармашылық тұлғаның бастамасы бар бала – айналасындағыларды таң қалдырып отыруға тырысады.

Баланың жасампаздық қабілетін 3 жастан бастап дамытып, әрі қарай біліміне сай толықтырып отыруға болады. Бөбектің шығармашылық қабілетін басып тастау – оның өзін-өзі төмендете бағалауына әкеп соқтырады.

Анда-санда ата-ана үшін баламен «бала» болу, яғни дос болу да пайдалы. Ал ересектер үшін бұл күйзелістен арылуға арналған жағымды психотерапия болмақ.

Мектеп жасына дейінгі баланың шығармашылық қабілеттерін тақпақтар, ертегілер, сурет салу және жапсыру арқылы дамытуға болады. Күніне 1-2 әңгіме айтып, қызықты жұмбақтар жасырудың пайдасы сіз ойлағаннан да көп. Айта кетейік, оларды ата-ана өзі ойдан шығарғаны абзал. Егер де бала балабақшаға бармайтын болса, онда оқу жаттығуларын үйде өткізген дұрыс.

Балалық шақ – шығармашылық даму үшін ең қолайлы кезең. Мектеп жасына дейінгі балалар білмекке құмар келеді. Себебі олардың ойлау қабілеті еркін және қалыптасқан шектеулерден хабарсыз. Ересек адамның шығармашылық әлеуеті көбіне мектеп жасына дейінгі дамуына тікелей байланысты. Бүлдіршінді тәрбиелеуде ең бастысы – ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысы екенін естен шығармаған жөн. Бүлдіршіннің қандай да бір дарынын анықтап, оның болашақта пайдалы болуына жақын жандарының ықпалы орасан зор.  

11597