Блог

6-09
2019
Эссе және өлең-жыр байқауының алғашқы жеңімпазы анықталды!

Шығармашыл жастардың өнерін қолдау мақсатында басталған қаламгерлер сайысының алғашқы жеңімпазын анықтадық. Байқаудың басталғанына санаулы күндер болса да, қаламын серік еткен дарынды жастарымыздың шығармалары күннен күнге арта түсуде.

Байқау еркін тақырыпта қалам тербеуге мүмкіндік бергендіктен, қазірдің өзінде қатысушылардың ішінен оқ бойы оза шапқан авторды анықтау оңайға түспей отыр.

Сонымен, сайыстың алғашқы аптасының жеңімпазы «Әкеге сағыныш» атты шығарманың авторы Махаббат Самрат bilimland.kz сайтынан powerbank ұтып алды.

Аталған өлеңде бойжеткеннің асқар таудай әкеге деген сағынышы, нәзік махаббаты көркем өрнектелген. Ал шығарма соңындағы әкеге берілген "ант", жас қаламгерді жаңа өмір белестеріне шығарып, өмір сынықтарынан сағы сынбай өтуіне күш-жігер береді деген сенімдеміз.

Айта кетейік, Махаббат Самрат есімді ару, аталған байқауға бір емес, бірнеше шығармасын ұсынып отыр. Автордың «Байқадың ба?», «Сен – шабыт, мен – өлең», «Сен бе едің?» атты туындылары да назардан тыс қалмады.

Бірінші апта қорытындысы бойынша үздік деп танылған туындыны назарларыңызға ұсынамыз:

Әкеге сағыныш

Кеудем өкінішке толы, білемін,

Алайда көндіге алмай келемін.

Сағынышпен өткен әр күнімде,

Әкетай сізге өлең жазып жүремін.

 

Жанарлардан үзілмей жас тамады,

Мен білсем, анам да отыр жылап тағы.

Амал нешік, әрдайым пана болған,

Әкетайым – асқар тауым құлады.

 

Сағынғанда қараймын суретіңе,

Әкетай жүк түсірдің жүрегіме.

Өсіріп жеткізген бала - шағаңның,

Қызығын көру үшін жүрмедің неге?

 

Ант етемін, көкке өрлейді сұңқарың,

Желдей жылдам есер әлі тұлпарың.

Көп жылғы еңбегің зая кетпейді,

Әкетай сөнбейді сенің шырағың.

(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)

 

Алғашқы жеңімпазды құттықтаймыз!

Сыйлықты жіберу үшін бізбен байланысуыңызды сұраймыз! 

 

Еске салайық, bilim-all.kz және bilimland.kz сайттары жас қаламгерлер арасында сайыс жариялаған болатын. Барлық талаптармен Қаламгерлер сайысы сілтемесі арқылы таныса аласыз.

bilimland.kz апта сайын үздік шығарма авторларын жариялап, powerbank-пен марапаттап отырады!

Байқау соңындағы негізгі жүлде иесі барлық шығармалар арасынан анықталатын болады!  

63