Блог

13-09
2019
Эссе және өлең жыр-байқауы: аптаның үздік авторы анықталды!

Ағымдағы жылдың 30 тамызынан бастау алған эссе және өлең-жыр байқауының кезекті апта сайынғы үздік авторы анықталды!

Шығармалардың бірі бірінен өтіп, сүбелі сөздің сансыз салмағын сараптай алатын саналы жастардың шығармалары көңіл қуантады. Түрлі тақырыпта қалам тербеген қатысушыларымыз қоғамның өзекті мәселелерін сапалы көтеруде.

Жарияланған шығармалар ішінен жүзден жүйрік аталған туындыға «Ақиқаты, өлең- менің өмірім... » деген айдар тағылыпты. Расымен, қара түнді қақ жаратын көңілі, бойында бөрінің қайраты бар, ақ қағазға әсем өрнек қалдырар, өмірін өлеңмен байланыстырған Арайлым Ерубай есімді автордың туындысы жүрегіміздің төрінен орын ала білді.

Екінші апта қорытындысы бойынша үздік деп танылған туындыны назарларыңызға ұсынамыз:

 

Ақиқаты, өлең - менің өмірім...

Байқасаңыз, өзгелердің өмірін,

Бағы жанған көбі кейде, көбі мұң.

Тағдырына тарих жібін сабақтар,

Ақиқаты, өлең- менің өмірім...

 

Артқа тастап замананың көлігін,

Қара түнді қақ жарады көңілім.

Ұйқас, тармақ, буындардан құралған,

Ақиқаты, өлең- менің өмірім...

 

Ескермейтін есебіне жоғының,

Сыр тұнғандай күмбезденген көгінің.

Асқақ рух пен асыл сезім жастанған,

Ақиқаты, өлең- менің өмірім...

 

Жарқ ететін жұлдыздардың шоғырын,

Аспанға атар ала салып бөрігін.

Қарап тұрып, құбылысқа таң қалар,

Ақиқаты, өлең- менің өмірім...

 

Бекем байлап байрағына тұғырын,

Сарп ететін сақтау үшін ғұмырын.

Ар-намыс пен күш-жігерді тақымдар,

Ақиқаты, өлең- менің өмірім...

 

Сын-сипаты жіліктейтін соғымын,

Тұла бойда қайраты бар бөрінің.

Ақ қағазда әсем өрнек қалдырар,

Ақиқаты, өлең- менің өмірім...

(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)

 

Кезекті жеңімпазды құттықтаймыз!

Сыйлықты жіберу үшін  бізбен байланысуыңызды сұраймыз!

Еске салайық, bilim-all.kz және bilimland.kz сайттары жас қаламгерлер арасында сайыс жариялаған болатын. Барлық талаптармен Қаламгерлер сайысы сілтемесі арқылы таныса аласыз.

bilimland.kz апта сайын үздік шығарма авторларын жариялап, powerbank-пен марапаттап отырады.

Байқау соңындағы негізгі жүлде иесі барлық шығармалар арасынан анықталатын болады!   

1597