Блог

24-10
2019
Әлеуметтік дағдылар

Баланың әлеуметтік дамуы – ересек өмірдегі жетістіктер мен бақытты өмірдің негізін қалаушы факторлардың бірі. Кейде ол академиялық дағдылар мен ақыл-парасаттан да маңызды болуы мүмкін.

Ата-ана баланың әлеуметтік ақыл-ойына жеткілікті түрде әсер ете алады. Сол себепті баланы неғұрлым ерте жастан әлеуметтік дағдыларға үйреткен жөн.

1 Әлеуметтік дағдыларды өз үлгіңізбен көрсетіңіз.

Бала ерте жастан бастап ата-анасының іс-қимылдарына еліктейді. Сол себепті оған дұрыс тәлім көрсете біліңіз. Баланың еркелігі мен айқайына байыппен қарап, онымен жүйелі түрде сөйлесіп, басқа адамдармен қарым-қатынас жасаудың маңызын айтыңыз. Оған өзгелерге көмектесуді, қамқорлық жасауды үйретіңіз. Перзентіңізге неғұрлым көп уақыт бөліңіз: құшақтаңыз, махаббатқа бөлеңіз. Тек қана үйлесімді ортада ғана ол дені сау, толыққанды тұлға болып өсе алады.

2 Балаға жан-жағындағы адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретіңіз.

3 Қатарластарымен қарым-қатынас жасаған кездегі сәтті қадамдары үшін баланы марапаттап отырыңыз.

Мектепке дейінгі жастағы балаларға қатарластарымен араласу өте маңызды. Мақсатқа жету үшін күш емес, сөздерді қолдану керек екенін түсіндіріңіз.

Баланың естияр шағында әр адамның өзіндік ерекшеліктері болатынын түсіндіруге тырысыңыз. Өзгелердің мықты және осал тұстарына құрметпен қарап, айналасындағылардың кемшіліктерін күлкі етпеуді үйретіңіз. Өзінің талантын өз еңбегімен шыңдай алатын орта жасап беріңіз, осы арқылы ол өзін дамытып, өзгелердің сәтсіздіктеріне түсіністікпен қарай алады.

Баланы оқшаулап тәрбиелеу – дұрыс әдіс емес. Бала ерте жастан қоғамғаммен қарым-қатынас орнатуды үйренуі керек. Сіздің берген тәрбиеңізге сай оның ұжымдағы өзін еркін сезінуі, достасуы, жалпы қоғаммен байланыс жасай алу дағдылары қалыптасады.

Бала амандасудан, құшақтасудан немесе қол алысудан бас тартса – оның бұл шешімін сыйлау керек. Баланы еркінен тыс қандай да бір әрекетке мәжбүрлемеңіз. Бұл жағдайға аса көп мән бермей, баланың орнына өзіңіз амандасыңыз. Әңгімені басқа жаққа бұрып жіберіңіз. Бұл өте маңызды кеңес, себебі мұндай жағдайдағы жағымсыз реакция немесе агрессия балаға кері әсер етеді.

Көбіне бүлдіршіндер әдептілік ережелерінің қажеттілігін түсіне бермейді. Оларға бұл рәсімдердің барлығы қызық емес көрінеді. Балаға әдептілік ережелерінің қажеттілігін, маңызын түсіндіріңіз.

Балаларға арналған кітаптар - әр түрлі күрделі жағдайлармен таныстыратын керемет, әрі жалықтырмайтын тәсілдердің бірі. Достық туралы мысалдары бар кітаптарды неғұрлым көп оқып беріңіз. Аталған әдебиеттерден көптеген достық, сыйластық туралы мәліметтерді табуға болады.

Мамандар мектептегі үздік нәтижелерге жетуге әсер ететін балалардың негізгі қарым-қатынас дағдыларын атап көрсетті. Олар:

- өзгелерді тыңдай білу;

- нұсқаулыққа сәйкес әрекет ету;

- ережелерді сақтау;

- алаңдататын факторларға мән бермеу;

- көмек сұрау;

- кезекпен сөйлеу;

- айналадағы адамдармен тіл табысу;

- басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда сабырлық сақтау;

- өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау;

- өзгелерді қуанта білу.

Балаға көңіл аударып, махаббатқа бөлеп, оның қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы ата-ана баланың қарым-қатынас жасауының белгілі бір бейнесін қалыптастырады. Балаға өзгелердің пікірін құрметтеу арқылы, өзінің де абыройын асқақтата алатынын үйреткен жөн. Серуендеуге, қонаққа, театрға барарда қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін бірнеше рет қайталау артық етпейді. Мұнда да іш пыстырар ақыл айта беруден абай болыңыз.

Ата-ана қатысуынсыз баланы бастапқы әлеуметтік дағдыларға үйрету мүмкін емес. Күнделікті өмірде тәжірибе жүзінде қолдануға болатын негізгі тәсілдер:

- Адамдармен қарым қатынас жасағанда көзбен байланыс жасау керек. Балаға әңгімелесу барысында адамның көзіне қарау қажеттілігі туралы айтып түсіндіріңіз.

- Балаға қандай сарынмен, дауыспен сөйлесу керектігін көрсетіңіз. Басқа сөзбен айтқанда, сөйлескенде сөздерді нақты, әрі түсінікті айтуды үйретіңіз.

- Әлеуметтік дағдыларды ерінбей дайындалу мен қайталау арқылы қалыптастыруға болады. Балаға әңгімені жалғастыруға мүмкіндік беретін бірнеше сұрақ үйретіп қойыңыз.

Бұл кеңестер кез келген анаға баланың әлеуметтік дағдыларын дамытуға септігін тигізеді. Бірақ басты кеңес – баланың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына баса назар аударыңыз, жиі әңгімелесіп, қоршаған ортамен байланыс орнатуға ынталандырыңыз.    

33471