Блог
2019
Ата-аналар чаты - өзге бір әлем. Бұл жерде мұғалімдерге арналған сыйлықтан бастап, мектеп бітіру кешіне дейінгі мектептегі барлық мәселелер шешіледі. Кез келген қоғамдық ұйымда (виртуалдық болса да) түсінішпеушілік болуы заңдылық. Ал чаттан жәй ғана шығып кету –шешім емес. Сабырлық сақтап, чаттардың тек тиімді жағын пайдаланудың жолдарын қарастырып көрелік…
Бірінші жағдай: «Қалада жаман вирус жүр» немесе спамер-ата-аналар
«Құрылысшылар күніне» арналған құттықтау хаттарды жан-жаққа жаппай тарату, «бүкіл әлемнің мектептерін жаулаған жаман ауру» туралы жедел хабарлама, «тұмауды 2 сағатта үй жағдайында емдеп алу», «кеңсе дүкеніндегі жеңілдіктер» туралы жаңалық. Аталған жағдайлар сізге таныс болса, демек чатта спамер ата-аналар бар. Олар кез келген мәселеге баршаның назарын аударғысы келіп отырады, ең сорақысы, кейде олардың көтерген мәселесі болмашы пікірталасқа айналып, нәтижесінде үй тапсырмасы жайындағы маңызды ақпарат жалпы ақпарат ағымында жоғалып кетеді.
Не істемек керек? Шексіз ақпарат ағымын тоқтата алмайтыныңызды сезсеңіз, ата-аналарға бөлек топ (чат) құрып алуын ұсыныңыз. Ол жақта өзгелердің мазасын алмай, еркін, кез келген мәселе жөнінде талқылауға мүмкіндік бар.
Қарапайым, дегенмен тексерілген тәсіл – чаттың модераторын тағайындау. Бұл «лауазымға» сыныпта белгілі бір беделі бар ата-ана немесе сынып жетекшісін тағайындауға болады.
Екінші жағдай: «Көмек керек...» немесе мәжбүрлі қайырымдылық
Көптеген хабарламалар арасынан қайырымдылық туралы хаттар менмұндалап тұрады. Сырқат балаларға қаражат жинау, көп балалы отбасына қол ұшын тигізу туралы шақырулар тек қана әлеуметтік желіде ғана емес, ата-аналар чатында да жиі көрініс табады. Жәй спамнан айырмашылығы – оларды жауапсыз қалдыру қиынға түсіп жатады. Көптеген ата-аналардың сөзінше, олар осындай кездегі әрекетсіздігі үшін ұялады, дегенмен әр мұқтаж жанға көмектесуге жағдайы келе бермейді. Ал чаттағы «белсенділер» көмек көрсетпегендерді жазғыра бастағанда, жағдай шиеленісе түседі...
Не істемек керек? Мұндай жағдайлар жайында алдын ала келісіп алу маңызды. Не дегенмен қаржылық сұрақтарда әдептілік сақтаған жөн: 500 теңге барлығына бірдей бір стақан кофемен тең емес. Ал қайырымдылыққа үнемі бүйрегі бұрып, бірақ қаржы жағынан қысылатындарға ақша талап етілмейтін істермен айналысуына болады. Оларға: пластик немесе батарея жинау, сенбілік өткізу, оған қоса еріктілер қорына барып, өз қызметін ұсынуға болады.
Үшінші жағдай: «Былтыр күшті өтіп еді» немесе кез келген жаңалық – пікірталас тақырыбы...
«1 желтоқсан балмұздақ зауытына экскурсияға барамыз. Барам деушілер менің картама ақша салсын», ал әрі қарай алдағы экскурсия туралы қысқаша ақпарат беріледі. Не? Қайда? Қашан? Сұрақтардың барлығына жауап бар. Осы орайда басқа да толықтыруды талап етпейтін тақырыпты пікірталасқа айналдырып жіберетін адам табылады: «Неге балмұздақ зауыты? », «Бұрын деген біздер... », «Былтыр менің балам барып... ».
Не істемек керек? Ата-аналар чаты - бірінші кезекте мәселелерді жедел шешуге арналған құрал. Басқасы үшін ата-аналар жиналысы бар. Сізге немесе тағы да бірнеше ата-анаға мектеп экскурсиялары іш пыстырарлық болып көрінсе, жақын арада кездесіп талқылауды ұсыныңыз.
Негізінде әңгімелесуге ешкім тыйым салмайды. Ол үшін жай ғана жеке чат ашып, артық ақпаратты қажет етпейтін қауымды мазаламаған жөн.
Төртінші жағдай: «Біз шешім қабылдадық» немесе сізден сұрамаса
Әдетте бүкіл бастаманы өз мойнына алатын екі-үш белсенді ата-ана болады. Бала өзіне керекті сыйлық алып, қызықты және қажетті шаралардан қалып қалмас үшін талқылауға қатысуға тура келеді. Әлбетте, кез келген адам тәулік бойы байланыста бола алмайды, кейде бір сағат телефон тексерілмесе – шешім қабылданып қояды.
Не істемек керек? Алдымен, кез келген шешімнің бірлесе шешілетіні туралы келіскен дұрыс. Немесе уақытқа байланысты шектеу қоюға: мәселен, бір тәулікте жауап берілмесе – келісім берілді деп қабылдауға болады. Тағы да бір шешім: чатта дауыс беру.
Бесінші жағдай: «Жөтеліп келіп, бәрін ауыртты» немесе кінәліні іздеу
Бұл виртуалды қысым жасаудың кең таралған түрі. Бұл мәселеге ересектер де кезігеді. Кейде ата-аналар чатында бір адамға мың адам жабылып, оны жердің үсті мен астындағы барлық мәселеге қатысты айыптай бастайды. «Сіздің балаңыз барлығына ауру жұқтырды», «Қызыңыз бүкіл сыныпқа зиян тамақ берді» немесе тағы да басқалары. Ең өкініштісі, бұл қудалау балаға да әсерін тигізуі мүмкін.
Не істемек керек? Мұндай жағдайда жедел әрекет ету маңызды. Кері эмоциялар тез таралады, сондықтан кішкентай ғана наразылық тез арада бүлікке айналып кетуі мүмкін. Наразы ананың жеке чатына шығуға болады. Әрине, баланы ренжітіп жатса, «дипломатиялық» қарым-қатынас жасау мүмкіндігі жоқтың қасы, дегенмен ұжымдық шабуылдан қорғану да оңай емес.
Алтыншы жағдай: «Жаңа мұғалім жаман» немесе сезімге берілмеу
Кейде талқылау тақырыбы – мұғалімнің өзі болуы мүмкін. Мәселен, бала мен мұғалім арасында түсініспеушілік туындады делік. Сол сәтте ата-ана мәселені шешпек болып, бұл бастаманы өз қолына алады. Тіпті кейде бұл жағдайды жалпы чаттағы талқыға салып, мұғалімге ұжымдық арыз жазу немесе оның жұмыстан шығару жөнінде өтініш жазу туралы ағат шешім қабылданады.
Не істемек керек? Психолог мамандардың айтуынша, бұл жағдай ата-аналардың эмоциясына байланысты өршелене түседі. Көптеген түсініспеушілік пен жан-жалды мұғаліммен бетпе-бет сөйлесу арқылы шешуге болады. Мұғаліміне көңілі толмайтын ата-ана қашан да табылады, бірақ бұл бүкіл сыныптың мұғалімін ауыстыру керек деген сөз емес. Бұл жағдайға басқа қырынан қарап, дұрыс шешімді таразылап қабылдаған дұрыс.