Блог

7-11
2019
«БІЛІМ БЕРУ және ТЕХНОЛОГИЯЛАР. Күз 2019» конференциясы

2019 жылдың 30–31 қазан күндері Алматы қаласында Bilim Media Group компаниясы ұйымдастырған дәстүрлі конференция болып өтті.

Конференцияның мақсаты – білім беру саласында еңбек етіп жүрген мамандардың басын қосып, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу. Конференцияның бұған дейін дәстүрлі түрде өтіп жүрген шеберлік сағаттарынан айырмашылығы – шараға әр өңірдегі мектеп директорлары да арнайы шақыртылуы.

Білім беру барысында заманауи технологияларды қолдану тақырыбына арналған конференцияның бірінші күні «Педагогтерге арналған BilimLand ашық алаңы» атты бөлімнен басталды. Мұнда компания қызметкерлері Қазақстанда баламасы жоқ BilimLand ұлттық цифрлық білім беру платформасы мен жалпы цифрлық контент, оның атқаратын миссиясы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ компанияның тыныс-тіршілігімен таныстырып, соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Мысалы, бүгінге дейін BilimLand порталына 7 000-ға жуық мектеп қосылған. Демек білім беру мекемелеріндегі педагог мамандар сайттағы барлық сабақты тиімді қолданып жүр. 

Сайттың ең соңғы жаңалығы – аталған электрондық ресурста тәжірибе алмасу мақсатында сабақ жоспарларын тегін жүктеп алу мен енгізуге және кез келген тақырып бойынша басқа педагогтермен пікір алмасып, ой бөлісуге мүмкіндік беретін форум қызметі іске қосылды. 

Қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан 7 ресурстық орталықтан басқа осы жылы еліміздің 10 облыс орталығынан заманауи компьютерлер мен интерактивті тақтамен жабдықталған тағы 10 ресурстық орталық педагогтерге өз есігін айқара ашты. Алдағы уақытта республикалық көлемде өтетін тренингтер мен семинарларды, вебинарларды, шеберлік сағаттары және басқа да шараларды ресурстық орталықтарында өткізу жоспарланып отыр.

Конференция барысында спикерлер білім саласындағы жаңашылдықтарымен бөлісті, сондай-ақ білім беру саласында қордаланып қалған мәселелер мен оларды шешу жолдарын түсіндіріп, жан-жақты мәлімет берді. 

Конференцияда көтерілген ауқымды тақырыптар:

  • Білім беру трансформациясы: мектептегі цифрлық білім беру ортасын құру.

  • Білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру.

  • Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер тізбесі және білім беру деңгейі бойынша 2020 жылға жоспарланған өзекті мәселелер.

  • Smart Nation тәуелсіз модульдерінің жаңа мүмкіндіктері:

    • Педагог мансабы және Мұғалімдерді аттестаттау;

    • Білім беру саласындағы басшыларға арналған сараптамалық орталық;

    • Балалардың қауіпсіздігіне арналған жаңа технологиялар.

  • BilimBook білім беру құрылғылары:

    • Білім беруге арналған заманауи құрылғылар;

    • ШЖМ мәселесі және оларды шешу жолдары;

    • Білім беруге арналған мобильді қосымша.

  • Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу технологиясы. 

Конференцияның екінші күні «Алматы менеджмент университеті» Білім беру мекемесінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арынның «Мектепті дамыту: университет көзқарасы» тақырыбындағы баяндамасымен ашылды.

Бұл баяндамадан кейін сөз кезегін алған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің 1-санаттағы сарапшысы Туманбаева Анар Ерікқызы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» тақырыбында ой қозғап, кеңінен талқылады. Спикерлер өздері баяндаған тақырыптар бойынша толық мәліметтер беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Конференция өткен екі күн ішінде шара ұйымдастырушылары, спикерлер мен қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, оқыту ісіндегі өзекті мәселелерді оңтайландыру жолдарымен бөлісті. Өз кезегінде шараға қатысушылар Bilim Media Group компаниясының жұмысына ризашылықтарын білдіріп, конференцияның ұйымдастырылуына жоғары бағаларын берді.

Алуа Қабдұлова, Алматы облыстық «Оқу-әдістемелік кабинеті» КММ директоры:

Бүгінгі жаңартылған мазмұндағы бағдарлама бойынша мектеп мұғалімдері төртінші жыл жұмыс істеп келе жатыр. BilimLand платформасындағы ресурстар мұғалімдерге өте тиімді. Еңбектеріңіз ақталып, қарыштап, дами беріңіздер.

Абзал Арынбек, Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Білім бөлімінің бас маманы:

Рақмет, бұл жақсы ұйымдастырылған, пайдасы көл көсір платформа. Ақпарат құралдарынан оқу мен көзбен көргеннің айырмашылығы көп. Мен бірталай жаңа мәліметтер алдым.

Электронды ресурстар – бұл заман талабы, осы талап бәрімізге ортақ.

Өйткені біздің ертеңіміз – оқушылар, жастар. Әрқайсысымыздың көкейімізде жүрген «Жастар қалай білімді болып шығады? Қандай тәрбие берген жөн? Қайтсек озық елдер қатарына қосыла аламыз?» деген сансыз түйіткілдер біртіндеп өз шешімін тауып жатқанына көзім жетті. Сіздер соған атсалысып жатырсыздар. Бұл үлкен әрі игі іс деп ойлаймын. Осы жұмыста шаршамаңыздар! Талмаңыздар!

Нұргүл Елекеева, Нұр-Сұлтан қаласы, №65 мектеп-гимназиясының директоры:

Бүгінгі конференциядан өзіме көп ақпарат алдым. Себебі қазір технология заманы. Заман талабына сай, когнитивті, қабілетті шәкірттерді тәрбиелеуде BilimLand ұсынып отырған жобалар өте тиімді деп ойлаймын. Спикерлер берген жаңа мәліметтер мені өте қатты қызықтырды. Бүгінгі алған ақпаратты міндетті түрде өз тәжірибемде қолданатын боламын. Жалпы мұндай басқосулар жиі болып тұруы керек.

BilimLand ұсынған жобалардың мұғалімдер мен балаларға қаншалықты тиімді екенін қазір ғана біліп жатырмын.

Істеріңізге сәттілік, бұдан да жаңа, тың жобалар тілеймін. Сіздердің жобаларыңыздың арқасында заман талабына сай, бәсекеге қабілетті оқушылар көбейе берсін. Ұжымдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін!

Конференция дәстүрлі BilimLoto ойынымен жалғасты. Ұтыс ойынның бас жүлдесі ретінде нанокомпьютер мен оқыту кешені орнатылған заманауи интерактивті панель ұтысқа тігілді. Сәттілікті серік ете келген Қарағанды облысы Шет ауданының білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұл бағалы сыйлықты қанжығасына байлады.

Елдос Смағұл, Қарағанды облысы Шет ауданының Білім бөлімінің басшысы:

Дәл қазір өте қуанышты сезімді басымнан өткізіп тұрмын! Бүгін өмірімде бірінші рет екі сыйлықты қатарынан ұтып алдым! Тіпті 500–1000 адамның ішінен оза шығып, бас жүлдені жеңіп аламын деп ойлаған жоқпын, шын айтайын! Әріптестерім тілектес болып, қуанышымды бөлісіп жатыр! Еңбектеріңіз жемісті болсын! Бізді қазақ тіліндегі бастамалардың көбі қуантады, қолдаймыз. Өте қуаныштымын!

Білім саласында еңбек етіп жүрген жастарды көріп білім саласының болашағы жарқын болатынына сенімдімін

деп айта аламын. 

Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден аса адам қатысты. Барлығы Bilim Media Group компаниясының естелік сыйлықтарын алып, сертификаттармен марапатталды.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын конференция Bilim Media Group компаниясы үшін аса маңызды шара. Конференцияның көздегені – компанияның жеткен жетістіктерімен, жаңалықтарымен бөлісу ғана емес, ең бастысы – білім беру саласында адал қызмет етіп жүрген білікті мамандармен байланыс орнату.

«БІЛІМ БЕРУ және ТЕХНОЛОГИЯЛАР» конференциясы ақпаратты саналы түрде қолданып, қоғамдағы өз орнын, уақытын бағалайтын, үздіксіз білім алуға және сапалы білім беруге дайын жандардың басын қоса алды. Bilim Media Group ұжымы мемлекет пен қоғамның, сонымен қатар тұлғаның ең өзекті қажеттіліктерін қамтуда және заманауи білім беруді сапалы етуде үздіксіз жұмыс атқаруда!

BilimLand – баршаға қолжетімді, сапалы білім!

P.s. Конференция қатысушыларының пікірімен осы сілтеме арқылы танысуға болады  

6590