Блог
2019
Балалық шақ – адам өміріндегі ең сезімтал кезең. Мектепке дейінгі жастағы баланың дамуы оның болашақтағы жетістіктері мен қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Бала 6-7 жасына дейін жеткілікті түрде ойын ойнамаған болса, мектептегі төмен бағаларға дайындала беруге болады...
Ойынның алғашқы дағдыларды қалыптастыруға көмектесетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Баланың әлеуметтенуі үшін, оған өзгелерді түсіну, олардың орнына өзін қойып, көзқарасын түсінуі керек. Мысалы, «дәрігер» болып ойнау: «Мен дәрігермін, менің емделушім бар. Онымен қарым-қатынас жасауда белгілі бір ережелерді сақтау керек» деген бір қарағанда қарапайым дағдыларды қалыптастыруға септігін тигізеді.
Балалар бірге ойнап, бірге өсуі керек. Үлкен қалалардағы балалар көбіне оқшауланып өседі. Ересектердің: «Қане, амандас! Сен де сұрасаңшы!» дегені, байланыс жасау дағдыларына үйрету емес, барып тұрған - қысым көрсету.
Біздің іс-әрекетіміздің басым бөлігі еліктеуден қалыптасқан. Бұл үйрену тетігінің бір түрі және әлеуметтенудің табиғи нысаны. Балалар ата-анасына немесе өзінен жасы үлкен балаларға еліктеуі мүмкін. Соңғысын іске асыру үлкен қаланың кішкентай тұрғындарына қиындық туындатады.
4-5 жасар бала сюжетті-рөлдік ойындарға құмар келеді. Оның пайдасы да аз емес. Мәселен, қыз бала «ана мен бала» ойынын ойнап, ананың атқаратын рөлін, жауапкершілігін сезіне бастайды. Бұл жастағы балаларға ойын ойнауға арналған жарты сағат аздық етеді.
Бала бақшалардағы күн тәртібінде ойын ойнауға арналған бос уақыт жоқтың қасы деп айтуға болады. Ойнау процесі есте сақтау, қиялдау, ойлану сияқты көптеген психологиялық процестердің дамуына әсер етеді. Ересектер баладан қалыптасқан өмірге ілесуді талап етпей, өздері балалардың ойынына ілесіп кетуі керек. Ересектердің қатысуымен балалар ұзақ, әрі сапалы ойын ойнайды.
Баламен бірге ойнау барысында ересектер ойынның сюжетін бұзбай, ойландырар сұрақтармен толықтырып отыруы керек. Мысалы, бала екі бірдей мұнара құрастырса, қайсысының ұзын екенін немесе үстінен ұшқан құс бұл мұнараларды қалай көретінін сұрауға болады. Мұндағы мақсат – баланың ойлау қабілетін дамыту, ойынға деген ынтасын бұзбай, қиялдауына көмектесу.
Ата-ана болуды сынаққа айналдырудың қажеті жоқ. Баланы бір үйірмеден екінші үйірмеге сүйреп, барлық уақытты осылайша жоғалтатын ата-аналар жеткілікті. Бүлдіршіндердің танымдық қабілеті өте жоғары, ал оны дамытуда ауладағы құммен ойнаудың өзі айтарлықтай нәтиже бере алады.
Бүгінгі күнгі балалардың ойыншықтары да өзгеше. Баланың қолына планшет бере салып құтылатындар да аз емес. Дегенмен жақсы ойыншық баланың ойлау қабілетін дамытуы керек, ал планшет – қиялдауға мүмкіндік бермейтін дайын әлем. Бірінші сыныптан бастап бала психологиялық тұрғыда шаршамау үшін оған толыққанды ойын ойнап алуға мүмкіндік берген дұрыс.