Блог

14-11
2019
Рух пен сөздің үш деңгейі

 

Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар.  

«Менің сені көруім үшін – сөйле» деп кезінде Сократ айтып кеткен. Себебі сөйлеу арқылы адамның болмысы танылады. Сөйлемдердің құрылуы, сөздерді таңдай білу, сөйлеу екпіні, сөйлеу мәдениеті мен сауаттылығы, осы сынды кішігірім құраушылар арқылы сөйлеп тұрған адам туралы белгілі бір сипаттама жасауға болады.

Адам бір мезетте келбеті сымбатты, әрі әдемі киінуі мүмкін. Немесе ұсқынсыз киім киіп, сымбаты да ерекшеліксіз келеді. Бірақ ол сөйлеген сәттен бастап, оның жан дүниесін байқауға болады. Адам рухының қаншалықты дамығанын сөйлегенінен аңғаруға мүмкіндік бар.

Рухтың ең жоғарғы деңгейінде адам әдетте байсалды әрі ақырын сөйлейді. Ол әрбір сөзін сақтықпен айтады. Оның сөйлеу мәнері метафоралар және теңеулермен қанықтырылған. Оны тыңдағың келеді. Ол ешкімге тіл тигізбейді, намысына нұқсан келтірмейді. Ол қашанда шынайы болса да, дөрекілікке жол бермейді. Оның әзіл-оспаққа жаны жақын, дегенмен көп жағдайда ол тек өзіне әзілмен қарайды. Мұндай адаммен сөйлескеннен кейін, әдемі музыка тыңдағандай немесе әсерлі фильм көргендей әсерде қалуға болады. Бірақ мұндай адамдар өте сезімтал келеді. Олардың көзінше біреулер ғайбат сөз айтып немесе біреуді балағаттап жатса, олар физикалық тұрғыдан зардап шегеді. Нәтижесінде олар тіпті ауырып қалуы да мүмкін.

Рухтың екінші деңгейінде адамның сөйлеу мәнері белсенді және екпінді келеді. Кейде тіпті шамадан тыс. Онымен барлық тақырыпта әңгімелесуге болады, дегенмен оның жақсы көретін тақырыптары: ақша, саясат, жеке қарым-қатынастар мен денсаулық туралы. Ол өз пайымдауын білдіруге, бәстесуге және кей мәселені жоққа шығаруға бейім. Мұндай адамдар қалжыңды, оның ішінде өзгелерді қалжың етуді жақсы көреді. Біреуді сынағанға жаны құмар, бірақ өзі сын көтермейді. Ыңғайсыз тақырыптарды немесе жеке басының мәселесін жарияға жар салудан тайынбайды. Мұндай адаммен сөйлескеннен кейін шаршау сезімі пайда болуы мүмкін. Бастапқыда онымен әңгімелесу қызық болуы ықтимал, дегенмен көп сөз – жалықтырады...

Рухтың ең төменгі деңгейіне дөрекілік пен бейпіл ауыздық тән. Адам айтарға сөз таба алмай, сөздік қоры мардымсыз келеді. Ал ұрсысу кезінде көп сөз білетін болып шығады. Оның қалжыңдары тек жағымсыз тақырыптарда. Ол бәз біреудің сыртынан әңгіме айтып, өсек таратып, жала жауып жүреді. Оның сөздері қызғаныш, өшпенділік пен арызданудан тұрады. Мұндай адамды тыңдамақ түгілі, жанында жүрудің өзі мүмкін емес.

Бұл адамның сөйлеу мәдениеті арқылы анықтауға болатын рухтың үш деңгейі. Әркім бір күннің ішінде-ақ бір деңгейден, екінші деңгейге өте алады. Дегенмен үшінші, ең төменгі деңгейге түскен сайын, қайта оралу қиындай түспек. Төмен түсу – қашан да жоғары көтерілуден оңай. Төмен түсу арқылы ақыл, тәрбие, тіпті рухты жоғалтып алуға болатынын ескерген дұрыс.

Рухы жоғары деңгейде дамыған адамдар сөзбен емдей алады. Рухы төмен деңгейдегі адамдар өзгелерді улайды. Жоғарғы деңгейдегі рухы бар адамдардың ұзақ өмір сүретіні, сирек ауыратыны белгілі. Оның сөздері өзгелерді емдеп қана қоймай, өзіне де дауа сыйлайды. Сол себепті қашанда дамып, дұрыс сөздерден құралған саты арқылы жоғарыға талпынған жөн. Бұл денсаулық пен ұзақ өмірге апарар жол...   

3417