Блог
2019
Үй жұмысын орындау - оқушысы бар әрбір жанұяның күн тәртібіндегі өзекті мәселесі болып отыр. Себебі кей балалардың бос уақытының барлығы үй тапсырмаларын орындауға кетіп жатады. Бұл мақалада сабақ оқуда көмекке келетін кеңестерді ұсынатын боламыз.
Үй жұмысын орындаудағы жиі жіберілетін қателіктер
1. Ата-ананың сөгіс айтып, қысым жасауы. Баланың өзін дәрменсіз кінәлі сезінуі.
Бұл шешімі жоқ, қиын жағдайдың бірі. Күн сайын орындалмаған тапсырмалар, бітпейтін қатемен жұмыс жасау, оған қоса жаңа жаттығулардың әсерінен бала әлсіреп, білімге деген құштарлығы азаяды. Ал ата-ана кей жағдайларда «үй жұмысын» орындауға білек сыбана өзі кіріседі. Таныс жағдай ма? Не істеуге болады? Неге кей бала үй тапсырмасын тез, әрі оңай орындап тастайды? Неге өзгелеріне бұл алынбас қамал іспетті?
«Менің қызым жарты сағат оқулықтарды аударып отырып, ас бөлмеге «су ішуге» кетеді, інісіне көңілін аударып, сабақ оқудың жалықтыратын іс екенін айтып, бір сөзбен айтқанда, сабақ оқымаудың барлық амалын жасайды».
Ұзақ ырғалып, істі кейінге қалдырып, енжарлық таныту – қазіргі оқушылардың кең таралған әдеті немесе дерті деуге болады. Бастысы – тез және көтеріңкі көңілмен бастап кету керек. Қалай көмектесуге болады? Тапсырманы уақытылы орындаған жағдайда тәтті сыйлық немесе басқа да «марапат» уәде ету бұл мәселенің оңай шешімі болмақ. Мәселен: «17:00 дейін үй тапсырмаларын орындап қойсаң, аулаға ойнауға шығасың немесе театрға барамыз».
2. Дәптер мен оқулықтар шашылған үстелде сабақ оқуға тырысу
Сіз бұл мәселеге көңіл аудармауыңыз мүмкін. Дегенмен жұмыс орнындағы бей-берекетсіздік – бастағы (мидағы) бей-берекетсіздікпен тең.
Балаға көмектесіңіз. «Үстел үстіне күнделік, оқулық пен бір сабаққа қажетті қосымша материалдарды ғана қалдырып, тапсырманы орындап, жинап болған соң ғана, келесі сабаққа көшу керек. Қарапайым кеңес болғанымен, айтарлықтай уақыт үнемдеуге септігін тигізеді.
3. Тапсырманы сабақтан кейін емес, сабақ алдында орындау әдеті
Үй жұмысын уақыт таяғанда орындау, істі кейінге қалдыра беру – үнемі кешігіп жүру сезіміне әкеп соқтырады. Ал жетістіктерге жету үшін барлығына үлгере білу маңызды.
Жағдайды өзгертіп, жүріп кеткен пойыздың артынан жүгіргенді доғару керек! Сол себепті тапсырмаларды бірден, сабақтан кейін, бүгін орындау қажет. Бос уақытты сезіну – ең керемет марапат болмақ.
4. Үй тапсырмасын орындауға шексіз уақыттың бөлінуі
Уақыты шектеулі, әр сағаты жоспарланып қойылған балалар үй тапсырмасын тез әрі сапалы орындайды. Олар бейсаналы түрде жоспар құрып, уақытын жүйелі жұмсауға дағдыланған.
Балаға ұзыннан-ұзақ жұмыс үстелінде отыра беруге жол бермеңіз. Жұмыс арасындағы қысқа үзілістер өте пайдалы. Мәселен, сабақ оқу арасында үй тірлігіне араласу үшін жасалған үзілістер нәтижелі болмақ. Мәселен, бұл уақытта үй сыпырып, еден жуып немесе сатып алынған азық-түлікті тоңазытқышқа салуға болады. Бұл үшін баланың шаршаған миы тек «рақмет айтады». Нәтижесінде үй жұмысы да тез орындалады.
Үй тапсырмаларын қайда орындау керек?
Баланың сабақ оқитын және оқулықтарын, оқу құралдарын сақтайтын арнайы орны болуы тиіс. Ескерту! Жұмыс орнының жинақылығын бала өзі қадағалап отыруы керек.
Үй тапсырмасын орындауды қашан бастаған дұрыс?
Үй жұмысын орындауға мектептегі сабақтар біткеннен соң 3-4 сағаттан кейін бастаған дұрыс. Осы уақыт аралығында ол тамақтанып, тынығып, таза ауада серуендеп үлгереді. Аса белсенді және денсаулығы әлсіз балаларға түскі ұйқы ұсынылады.
Үй тапсырмаларын қай ретпен орындау керек?
Оңайынан бастап күрделісіне көшу.
Жазбаша және ауызша тапсырмаларды кезектестіре орындау.
Үй тапсырмасын орындауға қанша уақыт бөлу керек?
Үй тапсырмасын орындауға кететін уақыт әр балаға әр түрлі болады. Дегенмен 4 сынып оқушысы үшін үй тапсырмасын орындауға 2 сағаттан көп кетпеуі керек.
Жұмыс барысында әр пән арасында 15 минуттан аспайтын үзіліс жасап тұру ұсынылады.
Ата-ананың көмегі
Баланың жанына отырып алып, қолының әр қимылын қадағалаудың қажеті жоқ. Оның әр қадамын басқару арқылы, баланы өздігінен даму мүмкіндігінен айырып, жауапкершіліктен босатып жіберуге болады. Сол себепті де көптеген 11-12 жасар балалар өздігінен үй тапсырмаларын орындай алмайды.
Қолдау көрсету, мақтап-мадақтау баланың ынтасын арттырады. Бала өзінің қабілетіне сенуі және қиындықтарды еңсеруі үшін, ең алдымен ата-анасы сенім білдіруі керек.
Кеңестер
Балаңызды тыңдай біліңіз.
Бала үшін шешім қабылдайтын әдетіңізден арылыңыз.
Балаға жауапкершілік алуды, саралауды және жоспарлауды үйретіңіз.
Жасаған әрекетіне жаза емес, жауапкершілік алуды үйренген бала, тәуелсіз болуды үйренеді.
Шыдамдылық танытыңыз! Дербестік – баланы жауапкершілікке үйрету – бірте-бірте орындалатын процесс.