Блог
2019
Сізді мектепке шақырды... Сынып жетекшісімен немесе пән мұғалімімен әңгіме болмақ... Бұл жағдайда түрлі ойлар келіп-кетері анық: «Тағы да бірнәрсе бүлдірді. Мектеп мүлкін сындырды ма немесе басқа баланы ұрды ма? Мүмкін үлгерімі төмендеп кетті ме?». Не болмаса қарама-қайшы ойлар да болып жатады: «Неге шақырта береді осы? Менің балама тиіскіш екен! Бүйректен сирақ шығарып...».
Егерде сізді мектепке шақыртса, бірінші кезекте түрлі ойларға берілмеу керек. Мұғаліммен әңгіме барысында екі жақ та бір дәрежеде болуы тиіс. Себебі ата-ана да, мұғалім де туындаған мәселені шешуді мақсат етеді. Бұл жағдайда мұғаліммен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысқан жөн.
Диалог серіктестік қарым-қатынас негізінде жасалуы керек. Ол үшін өзіңізді сенімді және абыройыңызды жоғары ұстаңыз. Мұғалімді мұқият тыңдап, туындаған мәселені түсінуге тырысып және оны шешуге әзір екеніңізді көрсетіңіз. Егер де ұстаз ата-ананы мектепке шақыртса, демек бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Мұғалімге барлық мән-жайды түсіндіруге мүмкіндік беріңіз.
Бірақ алдымен, сізбен кездесуге уақыт тауып, проблеманы талқылауға шақырғаны үшін мұғалімге алғыс білдіруді ұмытпағайсыз.
«Бір шешімін табатынымызға сенімдімін» деген екі ауыз сөз мәселені шешудегі алғашқы қадамның бірі.
Әрі қарай мұғалімді мұқият тыңдау керек. Бұл әңгіменің ең күрделі тұсы. Себебі мұғалімнің сөзін бөлмеу мүмкін емес секілді. Дегенмен шыдамдылық таныту маңызды. Егер де ұстаз бір сөзін екінші рет қайталап айта бастаса ғана «Не істеуге болатынын бірге ойланып көрейік» деген сөздер арқылы оны бөлуге тура келеді.
Туындаған жағдайды екі жақ бірлесіп қана шеше алады. Бұл тек қана ата-ана мен бала арасындағы проблема емес, бұл ортақ мәселе, демек мектеп пен ата-ана бірлесе әрекет етуі керек.
Егер де мұғалім біраз үнсіз кідіріп қалса, өз тарапыңыздан мәселенің шешімін ұсынсаңыз болады. Міндетті түрде екінші тараптың сіздің ұсынысыңызға қатысты пікірін тыңдаңыз. Қаншалықты қиын болса да, диалог орнатуға тырысу керек.
Ал егер де мұғаліммен мүлдем келіспейтін болсаңыз қайтпек керек? Мүмкін мұғалім баланы о бастан бөліп-жарады деп санасыңыз ше? (кездесетін жағдай)
Мұндай жағдайда мұғалімге баланың өткен-кеткен кемшіліктерін ұмытуды, алдағы уақыттағы тәртібін қадағалап көруді ұсынып көріңіз. Өз тарапыңыздан баламен етене жақын сөйлесіп, оның да көзқарасын білуге тырысыңыз. Не дегенмен әркімнің «өз шындығы» бар. Баланың тәртібіне көңіл бөліп, оның мұғаліммен қарым-қатынасын жақсартуға тырысыңыз.
Балаға өзінің қорғансыз емес екенін, ұстазды аса сыйлау керек екенін және қатарластарының арасында сыйлы болу үшін сыйлай білу керек екенін ұғындырған жөн.