Блог

20-02
2020
“3 минут ережесі” жайлы білесіз бе?

Балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз? Оның мінезіндегі өзгерістерді байқайсыз ба? Баланың сеніміне кіру қаншалықты дұрыс? Қазіргі қоғамда балабақшадағы кішкентай бөбектен бастап жасөспірімге қатысты түрлі мәселелер бар. Психологтардың зерттеуінше, бұл мәселелердің барлығы ата-ана мен бала арасында “сенімді” қарым-қатынастың орнамауынан туындайды. Мамандар мұның алдын алу үшін “3 минут” ережесін қолдануға кеңес береді. 

Бала тәрбиесі бала жасына, қызығушылығына байланысты түрлі кезеңдерге бөлінеді. Кей кезде ата-ана әр кезеңдегі тәрбие ерекшеліктеріне көңіл бөлмей, баламен сенімді қарым қатынас орната алмауы мүмкін. Бұл жағдайдың салдары да әртүрлі келеді. Мәселен, 3-4 жастағы бала ата-анасының назарын аудару үшін түрлі іс-әрекеттер жасайды: жылайды, жерге жатады және т.с.с. 7-8 жасқа келгенде, бала ата-анасынан үнемі көңіл бөлуін талап етпейді, өзінің қызығушылықтарына байланысты өзіне қажет заттарды сұрауға бейімделеді, бойында жиналғанның бәрін компьютерлік ойындар ойнау арқылы шығаруы да мүмкін. Бала тәрбиесіндегі ең маңызды кезең - өтпелі кезең. Бұл кезде бала ата-анасының оған ересек адамға қарағандай қарауын, “кішкентай” бала сияқты қадағаламауын талап етеді. Сондықтан ата-анаға “тыңшы” болуы керек. Балаға білдірмей, оның барлық іс-әрекеттеріне, мінез-құлқындағы өзгерістерге жіті мән беру керек. Әр кезеңдегі тәрбиелеу тәсілдері әртүрлі болғанымен, олардың барлығының іске асуы – балаңыздың сізге қаншалықты “сенім” білдіруіне байланысты. 

Баланың сеніміне кіру өте қиын. Ата-анасына сенімді бала есею жолындағы барлық қиындықтардан мейлінше қиналмай өтеді. Алайда, кез келген ата-ана баласының сеніміне кіре алмайды. Бүгін сіздерге бұл “байланысты” орнату үшін 3 минут ережесімен танысуға кеңес береміз.  

3 минут ережесінің мәні, мақсаты қандай? 

Ереженің басты мақсаты: баланы әр күн сайын бірінші рет көргенде, оған көңіл аудару. Әдетте, бала ата-анасын көрген сәтте, алғашқы минуттарда ол сол бір күнде болған оқиғалардың бәрін айтып тастауға тырысады. Сіз жұмыстан, іс-сапардан, тіпті, дүкенге барып келсеңіз де, әр келген сайын балаңызға көңіл бөлсеңіз, онымен сенімді қарым-қатынас құратыныңыз сөзсіз.

3 минут ережесінің негізгі шарттары:

Баланы көрген кезде оның көзіне бірдей бой деңгейінде қарау;

Балаңызға күліп қарап, құшақтап, бүгінгі күні қалай өткені жайлы сұрау;

Уақыт көлемі міндетті түрде 3 минут болмауы керек, балаңызбен эмоционалды деңгейде бірдей болуыңызға жіті мән беру керек;

Балаға күніне қанша уақыт көңіл бөлсеңіз де, ең алғашқы минуттарға ең көп назар аударғаныңыз жөн. 

3 минут ережесін қай уақытта қолдану керек?

Бұл ережені балаңызды балабақшадан, мектептен, үйірмеден алып кеткен кезде, жұмыстан, іс-сапардан келген кезде қолдану керек. Бала сізбен қауышудан бұрын сізге өз әңгімесін айтуға асығатынын ұмытпау керек. Бала өз әңгімесін айтып болған соң, сізде оған естуге болатын тақырыптар аясында сырлассаңыз, араларыңыздағы қарым-қатынастың берік болатыны анық. Жасөспірім жасындағы балаңыз отбасы мүшесі ретінде бірқатар міндеттерді орындап, өзін “ересек” сезінуіне мүмкіндік беріңіз. 

3 минут ережесін ұстанбаған жағдайда салдары қандай болды? 

Бұл ережеге мән бермеген жағдайда салдарының қандай болатынын баланың мінезінен аңғаруға болады. Ең көп кездесетін салдар:

Жұмыстан шаршап келген ата-ана баланы кеудесінен итеретін болса, оның бойында “ұяңдық” қасиетінің деңгейі көбейеді. Баланың ата-анасына әңгіме айтуға құлқысы жоқ болады.

Бірінші жағдайда бала ашылып сөйлеуге ынталы болмаса, бұл жағдайда, керісінше, тоқтамай сөйлеуді кішкентай кезінен бастап әдетке айналдырады. Мұндай сәттерде ата-ана баланың әңгімесіне мән бермейді, жай ғана фондағы “шу” ретінде қабылдайтын болады. Баласының ашық әңгімесіне қарамастан, олар ата-анасы үшін “жабық” болып қалатыны өкінішті.  

Бұл ереже бала жасын талғамайды, тек бала есейген сайын түрленеді. Балабақшаға баратын балаға бұл ережені бастапқы қалпында қолдансаңыз, мектеп оқушысымен ұйықтар алдында немесе кешкі ас кезінде сөйлесуге кеңес береміз. Жасөспірім балаңызбен демалыс күндері серуенге шығып, “құрбысы” ретінде сырласқан жөн. Осы кезде қазақ халқының сонау заманнан келе жатқан  “Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң, досыңдай сырлас” деген дана сөзін “3 минут” ережесімен бірге байланыстыратын болсаңыз, балаңыздың сеніміне кіріп, оның тәртіпті, тәрбиелі азамат атанатынына күмән келтірмейсіз. 

4381