Блог
2020
Бала тәрбиесіндегі бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі ー балалардың телефонға деген әуестігі. Өкінішке орай, ата-аналар баласының көңілін аулау үшін қолына телефон ұстатып қояды, сол телефонды баланың тез игеріп алуына мәз болып жатады. Бірақ бұл әуестіктің арты үлкен мәселелерге жалғасады. Оның ең маңыздысы – бала тілінің ана тілінде шықпауында.
Ата-анасы қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақша “сайрап” тұрса да, баласымен шет тілінде сөйлесіп тұрғанын қоғамдық жерлерде жиі байқаймыз. Себебін сұрағанда, 10 жағдайдың 9-да себеп ретінде шет тіліндегі мультфильмдердің көптігі мен баланың сол мультфильмдерге ерекше ықыласын айтады. Ата-ана баласының тілі шет тілінде шығып, ата-ананың баласымен қарым-қатынасына сызат түскен кезде ғана бұл мәселенің шешімін іздестіре бастайды. Көбінесе баланың смартфон қолдану уақытын шектейді. Смартфон қолдануға рұқсат бермеген кезде бала өз-өзін қызықтыратын іс таба алмай, зерігетінін байқаған.
“Балаға смартфон ұстауға толықтай тыйым салу оған кері әсер етеді” - дейді шетелдік мамандар. 5 жасқа толмаған балаларға күніне 1,5 сағат смартфон ұстауға рұқсат етілсе, 5 жастан 11 жасқа дейін 3 сағат, 11 жастан бастап ата-анасының рұқсаты бойынша қолдануға болады екен. Біздің қоғамда бала смартфонды күніне қанша уақыт қолданатынын білу үшін ата-аналармен әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргіздік. Сауалнама төмендегі үш сұрақтан тұрды:
Балаңызға телефонды күніне қанша уақытқа бересіз?
Балаңыздың ең сүйікті мультфильмдерін атаңыз?
Балаңыздың қай тілде сөйлегенін қалайсыз?
Сауалнама нәтижесі алуан түрлі болды. Бірінші сұраққа ата-аналар түрлі жауап берді:
60%-ы күніне 3-4 сағат көреді деп жауап берсе, 15%-ы тек теледидардан көреді деп жауап берсе, 5%-ы мүлдем көрмейді, 20%-ы 6 сағаттан артық көреді деп жауап берді.
Екінші сұраққа ата-аналар 90%-ы шетелдік мультфильмдерді көреді деп жауап берсе, 10%-ы Отандық мультфильмдер немесе қазақ тілінде дыбысталған мультфильмдер көреді деп жауап берді.
Үшінші сұраққа ата-аналардың 80%-ы қазақ тілінде, 20%-ы шет тілінде сөйлегенін қалайтынын айтты.
Бұл сауалнама нәтижесінен байқағанымыз - ата-аналардың балаларының болашақта ана тілін жетік меңгеруіне деген қалауы және балалардың шетелдік мультфильмдерге деген сұранысы.
Ендеше, бұл мәселені ата-ана мен бала талаптарын орындайтындай қалай шешуге болады?
Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалар үшін ғаламтор кеңістігінде түрлі порталдар бар. Бала өз телефонынан сабақтарын қарап, үй тапсырмасын орындауға мүмкіндігі бар, ал ата-анасы оның қайда жүргенін қарай алады. Бірақ мектеп жасына дейінгі балаларға және олардың ата-анасына қажетті платформалар қазақстандық ғаламтор кеңістігінде өте аз. Ең танымал ресурс ретінде BilimKids жобасын айтуға болады. Алғашында жоба тек Youtube арна ретінде өз жұмысын бастаса, 2019 жылдан бастап жеке сайтын(сілтемесі) ашып, онда 2-3-4-5 жастағы балалардың жасына сәйкес дамуы үшін сабақтар дайындаған. Бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрілігінің стандарттарына сай жасалған. Әр сабақ баланың назарын аудару үшін түрлі әдістерді қолдана отырып, өткізіледі. Мәселен, авторлық анимациялық мультфильмдерді балаңыз шетелдік мультфильмдердің орнына көрсететін болсаңыз, оның бойынан өзгерістерді байқайсыз.
Жалпы, балаңыздың дамуы уақытылы болуы үшін, ана тілін де, өзге тілдерді де меңгеруге қабілетті болу үшін ата-ана баламен бірге уақыт өткізіп, онымен бірге сол BilimKids жобасының анимациялық фильмдерін көрсе, баланың болашағына үлкен үлес қосады. Бала ата-анасының жылуына бөлінеді, әрі сіз де балаңыздың қандай мультфильм көріп отырғанын бақылайсыз, оған түсініксіз жерлерін түсіндіресіз. Демек, оған үлгі боласыз. Бала да көргенін істейді демекші, күніне 1,5 сағат жұмыстан шаршап келсеңіз де, онымен бірге сайтта сабақ өтсеңіз, баланың өзі-ақ қазақ тіліндегі сабақтарды өтуге, мультфильмдерді қазақ тілінде көруге ынталы болады.