Блог

27-03
2020
Егер балаңыз кітап оқығысы келмесе..

Қазіргі кезде балалар кітап оқығысы келмейді деп ата-аналар мен ұстаздар жиі налып жатады. Гаджеттердің түр-түрі мен ақпараттардың көптігінен балалардың кітап оқуға деген құмарылығы сейіледі. Кітап оқу - балаңыздың ең сүйікті ісі болу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын анықтау үшін психологтар мен ұстаздардың кеңесіне жүгінейік.


Балаңыз неліктен кітап оқығысы келмейді?
 
Осы сұрақтың жауабын өзіңізге сұрақ қою арқылы ғана біле аласыз. Балаңызға «10 бет оқып бітпейінше, саған телефон бермеймін!» сынды шарт қоятын болсаңыз, оның бойынан кітапқа деген құштарлықты ешқашан оята алмайсыз. Сізге де өзге адам шарт қойып, бір істі тапсырса, оны өз еркіңізбен құштарланып жасауыңыз бірталай. Сондықтан ондай тәсілді балаңызға да қолданбауға кеңес береміз.
 
Мұндай жағдайда не істеу керек?
 
Бұл мәселенің жалғыз шешімі ол – кітапқа деген сүйіспеншілік. Балаңыз кітап оқу процессінен ләззат алатын кезде ғана кітапқа деген құштарлығы артады.
 
Кішкентай балалар мен бастауыш сынып оқушыларына кітап оқуды қалай үйретуге болады?
 
Сізді және сіздің балаңызды, оқушыңызды кітап пен әдеби әлемнің ғажайып күйіне енгізетін бірнеше әдіс-тәсілдер бар. Сіздерге ең танымал әдістерді ұсынамыз.
 
1.     Кітап оқу ойыны
Кітап оқуға деген қызығушылықты ойын арқылы оятуға болады. Мәселен, балаңызбен бірге кішігірім телестудия немесе радиостанция жасаңыз. Қолына микрофон ұстатып қойып, «Ертегілер әлемі» бағдарамасының жүргізушісі ретінде балаңызды хабарлаңыз. Сіз өз шаруаларыңызбен айналысып жатқанда, балаңыз өзіңе тапсырылған «миссияны» орындау үстінде болады.
Бұл тәсілді мектепте сыныптағы оқушылар арасында кезектесіп өткізуге болады.
«Балам, шаршап тұрмын, басым ауырып тұр, маған кітап оқып берші» деп балаңызды өтінсеңіз болады. Әлбетте, кітап оқып болған соң, «балам, сенің арқанда басымның ауырғаны қойды» деп айтуды ұмытпаңыз.
 
2.     Кітап жазыңыздар!
Бұл тәсілді ойлап табушы, бала тәрбиесі туралы кітаптың авторы – Сесиль Лупан болып табылады. Оның ойынша, компьютерде немесе альбомға түрлі суреттер салып, баланың бойынан жалпы кітап оқуға, жазуға деген қызығушылықты оятуға болады екен. Баланың жеке фотосуреттерін қолданып, бір оқиға желісін ойлап тауып, әр фотосуреттің астына жазып отырсаңыздар, баланың өзі жайлы кітап оқығысы келетіні айдан анық болады.
 
3.     Кассиль әдісі
Қысқа, қызықты әңгімені таңдап алыңыз. Шарықтау шегіне дейін балаңызға оқып беріңіз де, қалғанын кейін оқып беремін деп уәде беріңіз. Әдетте, баланың шыдамы таусылып, кітапты әрі қарай өзі оқып кетеді.
 
4.     Искра Даунис(психолог) тәсілі
Балаңыздың сүйікті кейіпкерінің атынан балаңызға хат жазыңыз. Хатта кейіпкер балаңызға сыйлық дайындап қойғаны жайлы айтады.
Келесі хат алдынғысынан ұзағырақ боуы керек, онда кейіпкер балаңызды зообаққа шақырғысы келгенін айтады. Алайда кеше ойыншықтарын жинамағаны үшін шақырмағанын айтып, егер тәртіпті болсаң, әлі талай қызықтар болады деп айтуы керек.
Бұл тәсілдің мақсаты – «хат оқу – сыйлық – қуаныш» схемасын балаңыздың бойына сіңіру. Демек, бала бұл тәсіл арқылы оқудың оған қуаныш сыйлайтынын біледі.
 
5.     Өзіңіз де кітап оқыңыз!
Бұл тәсіл аталған тәсілдердің ішінен ең үздігі болып табылады. Бала ұйықтар алдында 10 минут кітап оқып, балаңызға көңіл бөлсеңіз, кез-келген психологиялық әдістердің артық әсер етеді.
Оған қоса, егер бала ата-анасының ешқайсысы кітап оқып отырғанын көрмесе, онда оның да бұл іске ниетті болмайтыны сөзсіз. Бос уақытыңызда балаңызға бір кітап, өзіңіз екінші кітапты алып оқысаңыздар, балаңыз бұл іске жауапты қарайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, баланы жақсы іске де, жаман іске де отбасы мүшелері тәрбиелейді.
 
Жасөспірімді кітап оқуға қызықтыру үшін не істеуге болады?
 
Баланың бойынан кітап оқуға деген махаббатты кішкентай кезінен бастап үйрету керек екендігін, оны үйрететін тәсілдерді жоғарыда ұсындық. Дегенмен, бала кішкентай кезінен бастап оқымаса, енді оқымайтыны анық деген қағида жоқ. Жасөспірімдерді де кітап оқуға ынталандыруға болады.
Бастысы – берілмеңіз. Кітапсүйгіш адамды кез-келген жаста тәрбиелеп алуға болады. Бұл ретте сіздермен бөлісетін бірнеше әдістеріміз бар:
1.     Балаңызбен әңгімелескенде, кітаптардан мысал келтіріп отырыңыз.
Егер балаңызбен бір оқиға орын алып, дәл сондай оқиға жайлы оқыған болсаңыз, мысалға келтіріңіз. Уақыт өте келе, балаңыздың кейіпкердің сондай оқиғада қандай іс-әрекет жасағанын білу үшін кітапқа үнілуі ықтимал.
2.     Балаңыздың жасы мен қызығушылықтарын ескеріңіз.
Жасөспірім жігіт кітаптан гөрі компьютерлік ойынға жақын болса, атақты геймерлер жайлы кітап сыйлаңыз. Жасөспірім қыз бала айна алдында уақыт өткізгенді ұнатса, сән әлемі жайлы кітап оқуға кеңес беріңіз.
Кітапты сыйлаудан бөлек, балаңыз оны оқып болған соң, талқылау – өте маңызды. Балаңыздың кітаптан алған әсерін тыңдаңыз, «тағы қандай кітап сыйлайын?» деген сұрақты да қоюды ұмытпаңыз.
3.     Үй кітапханасы.
Электронды кітаптар мен аудиокітаптар баланы кітап оқуға енді ғана үйрете бастағанда, толыққанды әсер етпейді. Бастапқы кезде балаңызға қарапайым қаптамадағы «қағаздан жасалған» кітаптар ұсыныңыз. Балаңыз өз кітапханасын жинауға кедергі келтірмеңіз. Балаңыз қалаған кітап сізге ұнамаса да, оған қарсы шықпаңыз(ересектерге арналған романдар бұл санатқа кірмейді).
 
Бұл тақырып көптеген ата-аналардың көкейінде жүргендіктен, алдағы уақытта қазақ тілінде онлайн кітаптар, хрестоматиялар, түрлі шығармалар мен балалар әдебиеті бар порталдарды назарларыңызға ұсынатын боламыз.

 

5450