Блог

10-02
2023
Миға арналған «біртүрлі» жаттығулар

  1936 жылы американдық жазушы Дороти Бранд «Wake Up and Live» кітабында миға арналған жаттығулар ұсынады. Бұл жаттығулар мидың жұмысын екі есеге жақсартады. Сізді күнделікті бітпес тіршіліктен бірер сәтке алыстатып, ойланудың өзгеше қырын ашады. Ал шығармашылық адамдарға екінші тыныс сыйлайды.

 1. 1 сағат бойы мүлдем сөйлемеңіз. Дегенмен, айналаңызға кері әсері тигізбеу жағын ескергеніңіз жөн. Бұл жаттығуды міндетті түрде адамдардың арасында жасау керек. Жұмыс немесе оқуда жүрсеңіз, сізге тікелей қойылған сұраққа ғана жауап беріңіз. Ешкімге ешқандай ескертпе айтпаңыз, үндемеңіз.

2. 10 минут бойы бір зат немесе мінез туралы ғана ойлаңыз. Мысалы, затқа қатысты болса: ол қалай пайда болды, қайдан шықты, біздің ел өндіре ала ма, не ерекшелігі бар т.с.с. Ал, мінез туралы ойласаңыз: ол мінез менде бар ма, маған ұнай ма, қоғамға не зияны бар, қандай кедергі келтіріп жатыр, т.с.с.

3. 15 минут бойы адамдармен “мен, менікі, маған” деген сөздерді қоспай сөйлесіңіз.

4. Бір адаммен жаңадан танысып жатсаңыз, мына жаттығуды есіңізге түсіріңізші. Жаңа танысыңыз әңгіме барысында тек өзі жайлы айтсын. Әрі қалай айтқанын байқамай қалсын. Өзіңіз туралы сұрақтардан айналып өтіп әңгімені оған, байқатпай бағыттап жіберіңіз.
5. 2 сағатқа қатаң жоспар құрыңыз да, басқа ештеңеге алаңдамай орындаңыз.

6. Өзіңізге 1 ай асықпай орындайтын 12 тосын тапсырма беріңіз. Мысалы: 20 километр жер жүріп өту; 24 сағат тамақ ішпеу; Ыңғайсыз жерде таңғы ас ішу. (Өзіңіздің қиялыңыз бен мүмкіндігіңізге қарай)

7. Тәулік бойы «иә» деген жауап қайтарыңыз (саналы түрде)

Бұл жаттығулар қаншалықты ақымақ көрінсе, соншалықты пайдалы екенін ұмытпаңыз!

1820