Блог

20-02
2023
Еріктілік – елге құрмет
    Уинстон Черчилль еріктілік жайлы «Еріктілік дегеніміз не? Еріктілік дегеніміз – қаржылық өтемақыны қажет етпестен, өз уақыты мен қабілеттерін басқаларға беру. Қарапайым сөзбен айтқанда, еріктілік – сіздің қоғамға қызметіңіз» дейді.

    Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды. Әлемдегі көргіміз келетін өзгерістердің болуы үшін бірігуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой қазақ. Бұл күндері еріктілік – халықаралық, мемлекеттік реформалардың айнымас күшіне  айналды. Еріктілік – халқымыздың этнографиялық тарихындағы «Асар» дәстүрінің заманауи көрінісі. Өз уақытын, дағдылары мен ресурстарын өз қалауымен өзгеге арнау – әлемді жақсы жаққа өзгертудің, мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып шықты. Тіпті, көптеген коммерциялық емес ұйымдар күнделікті тапсырмаларды орындау, ұзақ мерзімді мақсаттарға жету үшін еріктілерге сүйенеді. Әлем халқының 970 миллионы еріктілікпен айналысады. Ал әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарында екен. Бұл – соңғы 5 жылмен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Әлемдік өндірістердің ішкі өнімінің 2,5 пайызын ерктілердің еңбегі құрайды. Қазақстандағы волонтерлік бағыттар: «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор». Елімізде еріктілер саны – 50 мыңның айналасында.

    Еріктілік – ерекше ортақ құндылықтары бар адамдарды біріктіреді. Сіз адамдармен кездесіп, ортақ мүдделер, құндылықтар мен көзқарастармен бөлісетін жаңа орта табасыз. Болашақ ортақ мақсаттарға жету үшін бірге жұмыс жасайтын қауымдастық құру сіздің сеніміңіз бен мақсатыңызды нығайта түседі. Өмірдің басқа жолдары туралы білім мен түсінік пайда болады. Ең қызығы, еріктілік сізді бұрын-соңды болмаған қоғамның жаңа бөлігіне апаруы мүмкін. Сіз өзіңіздің қоғамның маңызды бөлігі екеніңізді түсінесіз. Алдыңыздан жарқын болашаққа апаратын түрлі-түсті есіктер ашылады. Тіпті, депрессия, стресс, психикалық проблемалардың барлық түрлерімен күресуге де көмектеседі.

    Еріктіліктің бағыттары қандай? Негізгі 5 бағытқа бөлінеді:

  1. Әлеуметтік;
  2. Экологиялық;
  3. Мәдени;
  4. Спорттық;
  5. Медициналық.

    Әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға көмектесу – еріктіліктің кең таралған түрі. Яғни, аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қарттарға, жұмыссыздарға, мүгедектерге, жетімдерге, жалғыз басты аналарға, қиын жағдайға тап болғандарға көмек. Жасалуы бойынша екінші орында тұрған көмек түрі – төтенше жағдайлардан,  апаттардан,  өрттен зардап шеккен адамдарға көмек. Дүлей апаттардың салдарын еңсеруге дайындық барысында да волонтерлік қызметке жүгінеді. Келесі көмек түрі – сәулет және табиғи мұраны, жануарларды қорғау және тегін заң көмегі мен әлеуметтік жарнама жасау. Бір сөзбен айтқанда, айналаңызға жасаған әрбір көмегіңіз еріктілікке жатады.

   Егер жерде жатқан бір қоқысты көтеріп, қоқыс жәшігіне салсаңыз, сіз еріктісіз! Ерікті болу үшін көп дүниенің керегі жоқ, жерге деген құрмет пен елге деген махаббаттың болғаны жеткілікті.                                   

 

781