Блог

23-02
2023
Кайдзен не үшін керек?

    Қағидалары мен талас-тартысы көп  алапат ғаламда жұтылып кетпес үшін, адам өмірінің мақсаты болу керек. Өмірлік мақсатқа қалай жетуге болады деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

   Адам мен адамды байланыстыратын да, ерекшелейтін де оның өмірлік мақсаты. Сол мақсатқа жету жолында су кешеді, от басады. Басын тауға да, тасқа да соғады. Адам өмір бақи құндылық жинайды. Яғни, оқығаны, көрген-білгені, тәжиірбесі, естігені көкейінегі сандыққа құйылады. Құндылығы көзқарасына, көзқарасы өміріне айналады. «Өмір – өзен. Оған түскен мақсатымыз ағыспен ағу емес, жағаны табу еді  ғой» дейді Абай Қалшабек. Адам біткеннің бәрінің өз жолы, өз ағысы, өз таңдауы бар. Біреулер, өмір бақи ағыспен аққысы келсе, біреулер жағаны тапқысы келеді. Өмірдің қаттылығына шыдамай, жұтылып кететіндер де көп. Ағыспен «өлі балық та» жүзеді. Ағысқа қарсы «рухы тірілер» жүзетінін ескеруіміз қажет. Өмірлік мақсаттың адам үшін қандай маңызды екенін ұғындық. Енді осы мақсатқа қалай жетеміз? Мақсаттың айқындығы, тұрақты даму, үздіксіз әрекет – өнімді өмірдің өзегі. Мақсатқа жету үшін тұрақты әрі сапалы әрекет керек. Біздің қиналатын тұсымыз да осы. Бәрінде арман бар, тек әрекет жоқ. Тәтті армандар – жалқаулардың жүрегінде қаза болады.

    Сіз қалаған кез келген дүниеге жетудің бір жолы бар. Ол – кайдзен жүйесі. Кайдзен – жапондардың үздіксіз даму формуласы. 1947 жылы Жапон елінде кайдзен формуласы кеңінен танылды. «Өзгеріс» мағынасын білдіретін «кайдзен» ұғымы жапондардың тәжірибе жүзінде дәлелденген нәтижелі жүйесі. Кайдзен – өзіңді тұлға, маман ретінде жұмыстың, өндірістің процесін, өмірдің барлық аспектілерін үздіксіз дамытып, жетілдіруге арналған. Мысалы, Toyota компаниясы кайдзен арқылы байыған. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін  Toyota-ның үлкен сұраныста болғаны  әлемдік компаниялардың таңданысын туғызғаны есіңізде ме?

    Жоспар – білімді адамдардың арманы. Егер тиімді жоспарлауды қалай бастау керектігін білмесеңіз, онда Кайдзеннен алынған қарапайым кеңестер сізге пайдалы болмақ. Кайдзенше жоспарлауды қалай бастаймыз:

      Санадағыны қағазға жазу

    Кайдзенше жоспарлау сананы босатудан басталады. Сананы босату –  санадағы барлық жоспар, міндет, іс , тіпті, қорқыныш пен өзіңізді мазалайтын дүниелер, уайым, арман-тілектердің бәрін қағазға түсіру. Ми қажетсіз нәрседен арылу керек. Оның пайдасы шаш етектен:

 -сіз өзіңізге не керегін білесіз;

 -тұрақсыздықтан құтыласыз;

 -ұйқыңыз жақсарады;

 -ісіңіз өнімдірек болады;

 -тыныштық табасыз;

 -тың идеялар пайда болады;

    Анализ

    Осы жасыңызға дейін немен айналысқаныңызды, не бітіргеніңізді, неге жеткеніңізді саралау қажет. Өз-өзіңізге берген уәделердің орындалған немесе орындалмағаны жайлы жазасыз.

    Фильтрлеу

    Мақсатқа жету үшін күндік, апталық, айлық жоспарлар қойылады. Пайдасыз істер кіріп кетпеуі үшін фильтрлер қойылады. Ең маңыздысы: қалау мен қажеттілікті айыра білу.

    Белгілеу

     Белгілерді қолдану арқылы өз уақытыңыз бен ресурсыңызды қайда жұмсап жүргеніңізді нақты көре аласыз.

    Міндеттерді реттеу

    Міндеттер легін уақытқа сәйкестендіре білу маңызды. Кайдзенше жоспарлауда күнделікті іс үлкен рөл ойнайды. Ең бастысы күнделікті әрекетіңіз нәпсіге ауыр тимеу керк. Тұрақты істелген әрекет өнімді нәтижеге жетелейді.

    Кайдзен туралы бір мақалада жазып біту мүмкін емес. Бірінші жоспарлау тәсілін ұғынып, іске асырып көріңіз. Бұл кіріспесі іспетті. Кайдзен – аз-аздан үздіксіз даму. «1000 мильдік жол бірінші қадамнан басталады» деп Лао Цзы айтқандай үлкен армандар алғашқы қадам арқылы бағындырылады. Кайдзеннің бір ерекшелігі – оны меңгеріп, танысып, түрлі әдістерін қолдану арқылы көптеген сұраққа жауап аласыз. Жалпы, бұл жүйені толық нәтиже беретін үлкен философия деп білемін.

       Осы материалдың мақсаты – сізге кайдзен туралы ұғым қалыптастыру. Сіз «кайдзен» атты ғажап жүйе жайлы білдіңіз. Енді, ары қарай терең танып, қолданып көріңіз. Өміріңіз өнімді болсын!
 
993