Блог

14-03
2023
Қазақ ырымындағы ғылыми таным

      Қазақ халқының ырымға бай екені бесенеден белгілі. Өмірдің қай тұсына болмасын қатысты ырым-тыйымдар бар. Осы ырымдардың артында не жатыр деп ойланып көрдік пе? Қазақтың өнегеге толы ырымдарынан  ғылымның ізін іздеп көрейік.

   Көпшілік арасында саусақ сықырлатуға болмайды деген ырым кеңінен тараған. Оны қазақ фальклоры дінмен байланыстырады. Мысалы, «Салт-дәстүр сөйлейді» деген кітапта «Ібілістің әке-шешесі Әбілет пен Тәбілет құлшылық кезінде саусақ сықырлатады. Одан Құдай қанша тыйса да, онысын қомайды. Сөйтіп Алланың лағнетіне ұшыраған», – деп жазылған. Ал шын мәнінде саусақ сықырлатса не болады? Осы ырымды медицина тұрғысынан талдасақ, саусақ сықырлатудың буынға қаншалықты зиян екенін көреміз. Адамның буынында майға ұқсайтын синовиал сұйықтығы бар.       Саусақты сықырлатқан кезде бауын тартылып, синовиал сұйықтығында газ көпіршіктері пайда болады. Қысым түскенде көпіршік жарылады. Газдың қайтадан түзілуі үшін 20 минут уақыт керек болады. Көптеген ғалымдардың зерттеуінше  бұл буындардың зақымдалуына, шеміршектің босап кетуіне әкеледі. Буын элементтері араласып, буынның созылмалы дислокация пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, артроз бен  артрит тудырып, буын байламдарының беріктігін төмендетеді. Демек, қазақтың қарапайым ырымының артында «ғылым» деген телегей теңіз жатыр.

    Қазақ айдың кеміп, аспаннан көрінбей қалатын сәтін – өліара деп атайды. Өліара кезді қауіпті санаған. Қазақ әдебиетінде Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдікте "Өліара" деген шығарма да бар. Сол шығармалардан-ақ өліара шақтың адам психологиясына қалай әсерететінін көруге болады. Шоқан Уәлиханов өзінің айға қатысты жазба дерегінде «Қырғыздар (қазақтар) жаңа ай туғанда оған үш рет сәлем береді», – деп жазады. Қазақтың әлгі  «Ай көрдік, аман көрдік», «Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке» дейтіні де содан. Көшпенділер танымы айдың туып толуын, одан соң кеміп жоғалуын адам өмірімен байланыстырған. Айға қарап ауа-райын да болжаған. Ырым-тыйымдар да баршылық. Мысалы, ел аузында «Ай сәулесін бетіңе түсіртпе, ай толғанда желі тартпа, ай толғанда жолға шықпа, ай толғанда көшпе, ай толғанда қыз ұзатпа, ай толғанда үй тікпе, жаңа ай туғанда қойға қошқар жіберме» деген небір ырымдар айтылады. Өліара шақта айға қарау адам психологиясына қалай әсер етеді? Америкалық психиатрлар 30 адамға «Айдың адамға әсері» деген эксперимент жасайды. Алғашқы экспериментте ай туыла қалған шақта 30 адамды далаға шығарып, айға қаратып қояды. Осы кезде адамдар агрессивті  бола бастайды. Емханаға әкеліп тексерсе, жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін адамдардың жүрек аймағында ауырсыну жиілеп кеткен екен. Көбісінің жүрек соғысы жиілеп, ағзасында түсініксіз құбылыстар жүре бастаған. Жүйке-жүйелерін тексерістен өткізгенде, 16 адамның жүйкесіне өзгеріс кіргенін көрген. Тіпті, астрологтарда  бұл фазаны адам ағзасына кері әсерін тигізеді деп баға берген. Сондықтан, осы кезеңде айға қарау немесе ашық аспан астында тым ұзақ болу – қауіпті.

   Екінші экспериментті ай толысқан сәтте жасайды. Осы фазада ай сәулесі терінің ішкі және сыртқы түріне теріс әсер ететіні дәлелденген. Айға қарауды ұнататындарда бөртпе, безеу және ерте әжім түсу жиі кездеседі. Осылайша, түнгі жарық сіздің денсаулығыңызды ғана емес, сұлулығыңызды да ұрлайды екен. Эзотериктер бұл кезде адам өміріне қауіп төндіретін тым көп мистикалық құбылыстар орын алады дейді. Айға ұзақ қарауды ұнататын адамдар көбінесе психикалық бұзылулардан зардап шегеді. Өзіңізді осындай аурулардан қорғау үшін бұл хоббиден бас тартқан дұрыс. Қазақ ырымының астары осыншама терең деп ойлаған жоқсыз ғой? Ғылымның бар саласын қамтитын ырымдардың көп екенін «Ай» туралы ырым дәледейді.

    Қазақ ырымының  экология, биологияға да қатысы бар. Өз заманының ұлы гуманистерінің бірі Экзюпери «Адамдар да, жануарлар да, жәндіктер де планетада өмір сүреді және бір кеменің экипажымыз»,– деген еді.   Әрине, бұл пәлсапа дұрыс, бірақ біз кішігірім ағайындыларға қамқорлық жасай бермейміз. Өйткені, біз өзімізді ғаламның тәжі деп санайтынымыз бар емес пе? Бізді жануарлар, құстар мен жәндіктер қоршап тұрғанын түсінсек те, сезінбейміз. Бұтаның астына жасырылған ең кішкентай құмырсқа, құс, улы саңырауқұлақ – бұл үлкен экожүйенің элементтері. Қазақы тәрбиеде, дәстүрде, ырым-тыйымда да , адамшершілік заңында да «табиғатты аялау» деген ұғым бар. Соның ішінде «Құмырсқа илеуін баспа, бүлдірме» деген ырымнан хабардар шығарсыз. Осы ырымның мәні неде? Құмырысқа – экологиялық тізбектің ажырамас бөлігі. Жәндіктердің негізгі қызметі – санитарлық қызмет екенін білесіз ғой.           Құмырысқалар табиғаттағы зиянды және пайдалы жәндіктердің тепе-теңдігін баланста ұстайды және жасыл кеңістіктің қалыпты өмір сүруіне ықпал етеді. Құмырысқалар табиғаттың заңы бойынша ормандарды тазартады, жануарлар мен құстардың мәйіттерін жояды. Құмырсқалар өлі тіндердің ыдырау процестеріне ықпал ететіндіктен, олардың арқасында ағаштар жаңарып, өлі қабығы алынады. Бұл жәндіктер топырақты қопсытуға көмектеседі, оның құнарлылығын арттырады, ауамен қанықтырады, органикалық және қоректік заттарды тасымалдайды. Кішкентай ғана құмырсқаның пайдасын айтып тауысу үшін, үлкен монография жазу керек. Енді неліктен құмырсқалардың илеуін баспау керек? Осыған тоқталайық. Құмырсқалар көптеген пайдалы функцияларды атқаратындықтан, онсыз экожүйеде тепе-теңдік бұзылады. Егер құмырсқа ұясы қираған болса, онда олардың отбасының көп бөлігі үйінділердің астында жойылады. Неліктен құмырсқаларды жоймау керек деген сұраққа жауап беретін тағы бір аспект –қарапайым гуманизм. Құмырысқа илеуінің бұзылуы – экологиялық, биологиялық циклді бұзады. Міне, осының алдын алу үшін бабалардың қарапайым ырымына құлақ асу жетіп жатыр емес пе? Бұл ырымның діни тұсы да бар. Құмырысқа – құранда өлтіруге болмайды деп жазылған 3 жәндіктің қатарына кіреді. Себебі құмырсқа діни аңыздарда Нұх пайғамбардың кемесіне азық тасуға жәрдемдескен екен.

    Көпшілік айтып жүретін «бабалар біліп айтқан екен» деген сөздің жаны бар. Ол кезде ғылым-білім дамымаса да, зерттеулер жасалмаса да осы ырымдардың айтылуы – даналық. Даналық – қарапайым шындықты көре білу болса, қазақ ырымдарындағы даналық дариядай. Сол даналық өткеннің өткенінде қалып кетпеуі – сіз бен біздің қолымызда.

490