Блог
2023
Адамдық пен адалдықты, ұлтқа деген жанашырлық пен ар алдындағы жауапкершілікті негізге ала отырып түсірілген көркем туынды шариғат заңдарын тайға басқан таңбадай көрсетіп, ерекше әсермен жеткізе алған «Құнанбай» фильмі.
Күз мезгілі. Өскенбайды жоқтаған әйелдер көрінісі. Әкесінің жылы болғанын ескертіп, әйелдерге басу айтқан, қаралы туды қақ бөліп отқа жаққан Құнанбай бейнесі. Фильмде Өскенбайдың ас суреті арқылы қазақтың мол дастарханы, бәйге-жарысы, салт-дәстүрі, байлығы көрініс тапқан. Оқиға ас үстінде өрбиді. Қыз алып қашпақ болған Ойке салды жазалау барысында, Құнанбайдың руласы Қодар жайлы баяндалады. Қодар оқиғасы қазақ салтында болмаған, жан түршігерлік, адамзатқа тән емес, хайуани қылық болатын. Бұдан кейінгі оқиға Қодарға жаза кесумен жалғасады.
Фильмнің өне бойында кітаптан оқыған емес, жаңа Құнанбайға кездесеміз. Досхан Жолжақсынов налыған, қиналған, ойға түскен, шарасыздықтың шырмауынан шыға алмай тұрған Құнанбай бейнесін сомдаған. Құнанбай басы түрлі дауға қалып, тығырықтан шығар жолдар көрсетілген. Абайды соңына ерте жүріп тәрбиелеуі көрініс тапқан. Фильм соңы ылдида қалған Құнанбай мен өрге шыққан бала Абай көрінісімен аяқталады. Күзбен басталған фильм көгілдір көктеммен аяқталған. Бұл жерден де режисссердің астарлы меңзеуі жатыр. Құнанбайдың өмірдің базарынан қайтқанын, Абайдың көктеммен бүршік жарып, биік белеске шығуын, белестің ар жағынан мешіт мұнарасының көрінуі болашақ ақынның білімге қадам басқанын танытады.
Рулар арасындағы алауыздық, ағаның демеуі, інінің сүйеуі, дүшпанның жағадан алуы... Бір бастағы құн мен мың бастаған мұң... Фильмде осының барлығы бірін-бірі толықтырып тұрғандай.
Сонымен қоса, фильмнен телісі мен тентегін қатаң жазамен тыйа білген қатал тұлғаны көреміз. Қанша қатал болса да әділеттен аттап өтпей, жан-жақты тергеу жүргізіп азаматты арашалағысы келген әділдік пен қамқорлықтың бейнесін танимыз. Құнанбайдың қаталдығы барымта мен Қодар мәселесінде көрінеді. Екеуі де адамзатқа үлгісі емес теріс қылықтар. Құнанбай бейнесінен ел қамқорын, абзал әкені, толерантты басшыны тануға болады. Құнанбайдай адам біздің қоғамға керек-ақ. Соны дөп басқан режиссер Досхан Жолжақсынов пен сценарий авторы Таласбек Әсемқұловтың еңбегі зор. Бір Құнанбай бейнесімен-ақ бар қазақтың болмысын паш етіп, елдін елдігін танытқан.
Көрермен үшін осындай айрықша әсер қалдырған актерлердің ойнау шеберлігі. Фильмнің салмағын көтеріп тұрған бөлігі билер айтысы дер едім. Билердің рөлін сомдаған қай актер болмасын, шынайы қазақы қалыпты таныта білді. Сөз саптаулары, бірін-бірі тиып тастап дауласуы, қарқылдай күлуіне дейін шынайы берілген. Фильмде Құнанбай бейнесі алдыңғы қатарға шығып, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы басымдық берілген аналар бейнесі екінші планға түседі. Бұл жерде, әйелдер бейнесі адуындығымен, ақылдылығымен емес. Нәзік, бойұсынғыш, ибалылық қалпымен танылады. Бұл шынымен де ата-бабамыздың болмысында бар шынайылық. Халқымыз «Еркек үйдің иесі, әйел отбасының ұйытқысы» деп таныған. Ұрпаққа да сол тұрғыдан тәрбие берілген. Фильмде осы дәстүр астарлы бейнеленген.
Фильмнен түйген ойым – бізге тарихымызды танытатын, ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын осындай фильмдер керек-ақ. Асфальтта туған бала қазақтың қалпын, қазақтың салтын, болмыс бітімін, асы мен тойын, бәйге жарысын, балуан күресін, сөз барымтасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын фильмге қарап таниды. Бұл фильм тарихтан сыр шертеді. Осындай фильмдердің арқауымен, елдің оң болашағын құруда, жастардың санасын, өз елінің құндылығын арттыруда тигізер пайдасы зор деп танимын. Сол себепті фильм сүйер қауым үшін «Құнанбай» туындысын көруге кеңес беремін.