Блог

4-10
2017
BILIMBOOK оқыту құрылғысы: баршаға қолжетімді сапалы білім

Бүгінгі күнде Қазақстан мектептерінің шамамен жартысын шағын жинақты мектептер құрайды, бұндай мектептер кең байтақ республикамыздың қай аймағында болсын кездеседі. Шағын жинақты мектеп – оқушыларының саны аз, біріктірілген немесе толық емес сыныптардан тұратын, оқу процесін ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі. 

Тоқсаныншы жылдардың басында ауыл тұрғындарының жаппай қалаға қоныс аударуынан ауыл мектептеріндегі бала саны күрт кеміп, шағын жинақты мектептер саны арта түсті. Бұл мектептердің өзіндік мәселелері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Материалдық-техникалық базаның нашарлығы, пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелерінің жолға қойылмауы, жабдықталған арнайы зертханалық кабинеттердің болмауы секілді мәселелер әлі де шешімін тапқан жоқ.

Осы аталған мәселелерді шешу мақсатында Bilim Media Group алдыңғы қатарлы  Microsoft  және Lenovo компанияларымен бірлесіп BilimBook дербес оқыту планшетін ұсынады. Жобаның мақсаты – интернетке қосылу мүмкіндігі төмен немесе мүлдем қосылмаған мектептерге сапалы білім беру контентін ұсыну, ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасын теңестіру.

Bilimbook – барлық жастағы оқушыларға арналған, мектеп бағдарламасына сай ресурстардан тұратын әмбебап құрылғы. Құрылғының мазмұны BilimLand, iTest, iMektep және Twig-bilim ресурстарын қамтыған.

Bilimbook жобасы Қазақстанның 3 шағын жинақты мектебінде қолға алынды. Алғашқы болып Bilimbook құрылғылары Павлодар облысы, Успен ауданына қарасты № 3 Успен жалпы орта білім беру мектебіне орнатылды. 2017 жылдың 22 қыргүйегінде Bilim Media Group компаниясы осы мектепте Bilimbook дербес оқыту планшет-компьютерімен жабдықталған кабинет ашты.

BilimBook жобасы шағын жинақты мектептердегі интерактивті білім беру формасын жаңа бір сатыға көтеріп, цифрлық дамудың жаңа кезеңіне жол ашады. Оқушының танымдық белсенділігін және оқуға ынтасын арттырып, шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеруге негіз бола алады.

Осы жайлы толығырақ http://www.kazpravda.kz/fresh/view/vokrug-sveta-za-odin-klik/ сілтемесімен өтсеңіз, таныса аласыз.

3180