Блог

30-01
2019
ҰБТ-2019: Осы жылы түлектерді не күтіп тұр? Наурыз айындағы ҰБТ қандай?

Жыл сайын елімізде түлектер жоғарғы білім алу, оқуға түсу мақсатында Ұлттық біріыңғай тестілеуден өтеді. Ал ағымдағы жылдың басты жаңалығы - ҰБТ-ны өткізу тәртібіне байланысты  жаңа қағидалардың енгізілуі болды. Биылдан бастап алғаш рет  түлектерге тестілеуді бір жылда төрт рет: қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында тапсыруға болады.

Демек, қаңтар, наурыз, тамыз айларындағы тестілеуден шекті балл жинаған түлектер еліміздегі ЖОО-ларға тек ақылы түрде түсе алады. Ал маусым-шілде айларында өткізілетін тестілеу негізгі болып есептеледі және түлектерге білім беру грантына тапсыруға мүмкіндік береді. 
ҰБТ-ны 4 рет тапсыру не үшін керек?
Біріншіден,  ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, тестілеуді өткізудің мұндай қағидалары мектеп түлектеріне шартты түрде қаңтардан бастап ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді. Яғни, бұл қыркүйекте оқу орнына шартты түрде түскен студенттер мен шығармашылық мамандықтарынан басқа мамандықтарға ауысатын студенттер үшін тиімді.
Екіншіден, түлектер үшін бұл тестілеу алдын-ала дайындық сынағы болмақ. Кез келген 11 (12)-сынып оқушысы өзінің білімі мен дайындығын тексеру мақсатында қысқы, көктемгі тестілеуден өтуге құқылы.  Үшіншіден,  ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, ҰБТ-ны төрт рет тапсыру түлектердің шетел асып кетпеуіне себеп бола алады. Мәселен, бұрын бір рет тестілеуден өтіп, шекті балл жинай алмаған оқушы отандық университетке түсе алмағандықтан, шетелдік бағдарламалар арқылы басқа елдерге оқуға тура келетін. Енді тестілеудің  мұндай форматы оқушыларға қазақстандық университеттерді таңдауына кедергі болмайды.
Маусым-шілде айларында негізгі ҰБТ тестілеуі жүргізілетін болса, тамыз айында негізгі ҰБТ-дан шекті балл жинай алмаған түлектерге сынақты қайта тапсыруға  жағдай жасалып отыр. Осы арқылы жастардың жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндігі артады.
Алғашқы қысқы ҰБТ қалай өтті?
Қысқы ҰБТ-да  24 012 (69%) түлек белгіленген шекті деңгейден өтсе, 10 675 (31%) үміткер тиісті 50 балды жинай алмаған. 2019 жылдың бірінші тестілеуінен 87 балл жинаған 11-сынып оқушысы алматылық Алмабаев Алмат (аты өзгертілді) алғашқы сынақтан өзіне керекті балды жинай алмаса да, көңілі түспейтінін, керісінше бұл тестілеу оған жақсы тәжірибе болғанын айтады.
- Бұл жолы тестілеуге өз-өзімді тексеру үшін қатыстым. Соңғы нәтижелерім нашар болмаса да, әлі де бас алмай дайындалуды қажет етеді. Бейінді пәндерім - физика мен химия. Математикалық сауаттылықпен есептегенде бірден үш пән логикалық ойлауды, есеп шығаруды талап ететіндіктен, уақытты үнемдеп жұмсау өте қиын,- дейді оқушы.
 ҰБТ сынағында барлығы 3 сағат 50 минут уақыт берілсе де, талапкер уақытқа үлгермейтінін айтып шағымданды.
- Мектепте тапсыратын сынақтарда көбіне уақытқа үлгермей жатамын. Осы жағынан негізгі ҰБТ-ны тапсыру кезінде уақытқа ыңғайланып үйрену үшін таптырмас сынақ болды. Десе де, нәтижем көңіл көншітпейді. Мектептік, аудандық тестілеудегі нәтижеге қарағанда аз көрсеткіш көрсеттім. Бірақ бұл мен үшін  одан да жақсы көрсеткіш көрсетуге мотивация,- дейді  ол.
2019 жылдың алғашқы білім сынағына еліміз бойынша 34 687 талапкер қатысты. Барлығы 29 789 түлек – 11 (12)-сынып  оқушылары, олардың 3 268-і шартты түрде түскендер, 278-і шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа ауысушы студенттер.
Тестілеу сынағына өтініш жазған 35 838 талапкердің 25 615-сы қазақ тілінде, 10 162-сі орыс тілінде және 61-і ағылшын тілінде бақтарын сынаған.
Қызығы, бейінді пәндер комбинациясы бойынша  түлектер арасында «Математика-физиканы» таңдағандар көп. Мәселен,  8 430 талапкер бұл 28,8%  аталған пәндер бойынша  білімін сарапқа салса, «Химия-биология» пәндерін 5 839 (19,9%) үміткер таңдаған. Ал ең жоғарғы балл 134 болған.
Бұл жолғы тестілеуде ереже бұзғандар да кездесті. Барлығы 118 талапкердің тестілеу нәтижелері жойылған.  Одан бөлек, тест сұрақтарының мазмұнына қатысты республикалық апелляция комиссиясына 8 өтініш түсіп, оның 3-уі қанағаттандырылды.
ҰБТ  ақылы ма?
20 маусым және 5 шілде аралығында тапсырылатын ҰБТ тегін.
Бірақ  талапкер білім беру грантын алу конкурсына қатысушы немесе ЖОО-ға ақылы негізде оқуға қабылдау үшін орта білім беру ұйымдарының ағымдағы жылғы бітірушісі болуы керек. Қалған қаңтар, наурыз, тамыз айларында тапсырылатын тестілеудің құны 2242 теңгені құрап отыр.
Наурыз айындағы ҰБТ қалай өтеді?
Наурыз айында болатын тестілеу қысқы сынақ сияқты ақылы түрде өтеді және оның сертификаты талапкерге грантқа тапсыруға мүмкіндік бермейді. Жоғарыда айтылғандай, бұл тек дайындық сынағы болады.  2019 жылы мектеп бітіретін түлектер саны — 150 мың. Соның 35 мыңға жуығы білімін қаңтар айында тексеріп көргісі келсе, наурызда өтетін сынаққа қатысуға 80 мың оқушы ниет білдірген.
Шектік балл салалар бойынша
Ұлттық ЖОО-ға ақылы оқуға ниет білдірген орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері ҰБТ нәтижесі бойынша  кемінде 65 балл жинауы тиіс.
Ал «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салаларын таңдағандар кемінде 60 балл жинаса ғана ақылы бөлімге оқуға түсе алады,   басқа ЖОО-ларға  кемінде 50 балл жинауы қажет.
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» білім беру саласы бойынша кемінде 65 балл шектік көрсеткіш ретінде қарастырылып отыр. 
Оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы бойынша  және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл алуы қажет.
Грантқа түсуге әркімнің-ақ бар таласы...
Министр Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жыл сайын бөлінетін грант саны 69 мыңға дейін жетті. Сонымен бірге 2018 жылы грант саны тағы 20 мыңға көбейтілген. Әдеттегідей, техникалық мамандықтарға басымдық беріледі.
Кез келген мектеп түлегінің,  оқуға түсуге ниетті талапкердің басты мақсаты - грант иелену. Ол үшін қажырлы еңбек пен білім, тиімді дайындық керек. Грант иеленуші талапкер мемлекеттің ертеңін ойлаушы, кірпішін қалаушы.  Себебі бүгінгі модернизацияланған заман жастардың креативті, сыни ойлау қабілеті қалыптасқан, белсенді болуын талап етеді.

 

Фото: sputniknews.kz
 

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com

33514