Блог

13-02
2019
Болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар қандай?

Кез келген мемлекетте жоғары білікті мамандар әрдайым сұранысқа ие. Заман талабына сай енді мемлекет, компания, жұмыс беруші ұйымдар мен корпорациялар көп салаланған емес, тар шеңберде маманданған қызметкерлерге мұқтаж. Себебі өз ісін кәсіби деңгейде бүге-шүгесіне дейін білетіндер, расында кемде-кем. Әр саланың басын түртіп «универсал» болғанша, бір саланы жетік меңгерген, сол істің кәсіби маманы болу әлдеқайда артық. 
Алайда, болашақта қандай мамандарға сұраныс артады? Кәсіптің қандай түрі кірісті әрі өзекті болады?

Бұлкөпшілік жастар мен оқушыларды мазалайтын сұрақ.
Қазір сіз оқып жүрген мамандық алдағы он жылдықта сұранысқа ие болатынына кім кепіл? Бұл да, уақыт еншісіндегі мәселе.
Зауыт, фабрикаларда қара күш жұмсайтын жұмысшыларды енді ойлау қабілеті инновациялық, тың идеяларға толы адамдар алмастырады. Роботтар мен автоматтандырылған жүйе ауыр әрі қиын жұмысты өз мойнына алады. 


Халықаралық statista.com деректер жүйесіне сүйенсек, Қазақстандағы жұмысшылар аз шоғырланған сектор - ауылшаруашылығы болып отыр. Өнеркәсіп саласындағы жұмысшылар пропорциясы да салыстырмалы түрде аз. Бұл алдағы 5-10 жылдықта ауылшаруылығы саласындағы жұмысшылар мен мамандарына деген сұраныс артатынын көрсетеді. Себебі елімізде дәл осы сектор кенже дамып келеді. 
Forbes журналының деректеріне сәйкес, 2018 жылғы сұранысқа ие болған мамандық иелері мыналар екен:

  • бағдарлама әзірлеушісі;
  • ақпараттық қауіпсіздік бойынша сарапшы;
  • қаршы сарапшысы;
  • денсаулық сақтау менеджері;
  • медициналық қызметкерлер: мейірбике мен физиотерапевт

Сонымен бірге, танымал CareerCast компаниясы 2019 жылы сұранысқа ие болатын мамандардықтар тізімін жасап шыққан. Бір қызығы, мұнда да тізімді алғашқы болып бағдарлама әзірлеушсі бастап тұр. Одан кейін:

  • медициналық технолог;
  • мейірбике; 
  • құрылысшы;
  • үй жағдайындағы денсаулық сақтау қызметкері;

Nesta инновациялық компаниясының 2030 жылға қарай сұранысы артатын мамандықтар тізімінде алғақшы ондықты мұғалім бастап тұр. Ал енді Қазақстандағы 2018 жылы сұранысқа ие болған мамандықтар тізімін HeadHunter компаниясы жариялаған екен. Мәліметтерге сүйенсек, былтыр компанияларға сату, бухгалтер, қаржы, әкімшілік қызметкерлері мен ақпараттық технологиялар, жарнама, маркетинг, PR саласының мамандары қажет болған.
Өткен жылы жұмыс іздеушілер арасында әйелдер мен ер адамдардың орташа көрсеткіші шамалас болғанын айта кету керек: 51%-ы әйелдер, 49%-ы ер адамдар. Жас ерекшеліктеріне келсек,  26-35 жас аралығындағылар белсенділік танытатындығы анықталған (37%),  22-25 жас арасында - 22% және 22 жасқа дейінгілер - 19%-ды көрсеткен. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, жақында Жастар жылының ашылуында болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы өз ойын білдірген болатын.
Орнын алмастыруға болатын мамандықтар жойылады. Олардың орнына жасанды интеллек жұмыс істейді. Алайда, жасанды интеллект орнын алмастыра аламайтын мамандықтарға сұраныс кемімейді, оның ішінде IT мамандар мен дәрігерлер, жоғарғы санатты мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері бар.
Президент жастарды мамандық таңдау мәселесіне мұқият әрі тыңғылықты қарауға шақырады.
«Жұмыс таба алмай қиналып, жүрген жастарға айтарым, іздесең жұмыс табуға болады. Бала күтушісі болсаң да, ақшаны еңбектеніп табу керек. Қазіргі уақытта бәріне жұмыс тауып беруге мүмкіндігі жететін арнайы құрылғы жасап шығару көзделіп отыр», - дейді Н.Назарбаев.
Техниканың қарқынды дамуы мен ақпарат ағымының секунд сайын өзгеріп, жаңарып отыруы компьютер, IT, көлемді ақпаратпен жұмыс істейтін мамандарға (data science) деген сұранысты арттырады. Мәселен, АҚШ-тың танымал CBS арнасы Tech айдарында 2019 жылы компаниялар тарапынан киберқауіпсіздік инженерлері, ақпараттық сарапшылар, Java әзірлеушілеріне қызығушылық туатынын айтады.  

Түрлі компаниялардың деректерін саралай келе мынадай ТОП-10 мамандық тізімін ұсынамыз: 

  1. Бағдарлама, Java әзірлеушісі
  2. Денсаулық сақтау менеджері
  3. Медицина қызметкері: дәрігер, физиотерапевт, хирург
  4. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша сарапшы
  5. Киберқауіпсіздік инженері
  6. Ақпараттық сарапшылар
  7. Құрылысшы
  8. Мұғалім
  9. Қаржы саласы маманы
  10. Маркетинг, жарнама, PR маманы

Жарқын болашақ  — бүгінгі қажырлы еңбек пен ізденістің, білімнің нәтижесі. Кез келген компания мұқтаждық ететін кәсіби маман болу үшін тек белгілі бір саланы меңгеру жеткіліксіз, ол үшін сыни ойлау қабілеті, креативтілік, эмоциялық ителегенция, бағалау және шешім қабылдау, күрделі мәселелерді шеше алу қабілеттерін жетілдіру маңызды.
 

 

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com

30278