Блог

27-02
2019
Робототехника бойынша АҚШ-та болатын Әлем чемпионатына баратын оқушылар анықталды

Алматыда Робототехника бойынша «VEX Robotics» әлем чемпионатының бірінші республикалық іріктеу кезеңі өтіп, АҚШ-та өтетін Әлем чемпионатына баратын төрт жеңімпаз команда анықталды.

Ауқымды шараның ұйымдастырушылары: «Bilim Media Group» компаниясы, Алматы қаласы Білім басқармасы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы болды. Чемпионаттың мақсаты – оқушылар арасында робототехника саласын дамытуға себепші болу, инновация мен жаңа технологиялар, робототехника әлеміне деген қызығушылығын арттырып, республика бойынша басқа оқушылармен пікір алмасып, араласуға мүмкіндік беру.

Сайыс екі санат бойынша өтті:

- VEX IQ «VEX IQ Challenge Next Level – 2018-2019 VEX IQ Challenge Game».

- VEX EDR «VEX Robotics Competition Turning Point: 2018-2019 VRC Game».

Чемпионатқа Қазақстан бойынша барлығы 30-дан аса команда қатысты. Сондай-ақ қонақтар қатарында Азиядағы VEX Robotics өкілі (Гонконг қ.) және Ресейден келген қатысушылар да болды.

Мәскеудегі Хорошевская мектебінің жаттықтырушысы, робототехника бойынша оқытушы Горнов Олег Александровичтың айтуы бойынша, ол бұл пәнді 1-сыныптан бастап оқытады. Жаттықтырушы робототехниканың шартты түрде кәсіби және оқушыларға арналған болып бөлініп, ерекшеленетінін айтады.

«Өз тәжірибемде байқағаным, 2-ші немесе 3-ші сынып оқушылары кейбір ересек адамдарға қарағанда тез әрі көп ауқымды жұмыс істей алатынын байқадым. Себебі көп жағдайда балаларда ересектердегідей қорқыныш болмайды. Балалар робототехника арқылы физика, математика, бағдарламалау сияқты нақты ғылымдарды жеңіл әрі тиімді жолмен түсінуге мүмкіндік алады», – дейді ол.

Алматы білім басқармасының ұйымдастырушысы Мұхаммад Асеттың айтуынша, жарыстың осы жылғы шарттары бойынша, командалар бірлескен альянста жұмыс істейді. Көп ұпай жинаған команда жеңіске жетеді.

«Робототехника – мехатроника, жүйелеу мен бағдарламалауды зерттейтін үлкен ғылым. Ал бұл жарыстың мақсаты – оқушылардың роботтарды құрастыру мен бағдарламалаудағы қабілеттерін сынау, жаттықтыру. Біз Қазақстанды халықаралық аренада барынша танытқымыз келеді. Осы уақытқа дейін робототехника бағытында біршама жарыстар өтті, ал VEX Robotics-тің басқа жарыстардан айырмашылығы, бұл – оқушыларға зор мүмкіндіктер беретін халықаралық жарыс», – дейді ол. Сайыстың қорытындысы бойынша, EDR-High School Skills Champions санаты бойынша Алматыдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Темиров Бахтияр мен Манабаев Жанибек жеңімпаз атанса, сондай-ақ аталған мектептен IQ-Middle School Skills Champions және EDR-Middle School Skills Champions санаттары бойынша 7,8,9-сынып оқушылары да АҚШ-қа жолдама алды. IQ-Elementary School Skills Champions санаты бойынша жарыстың ең жас жеңімпаздары Алматы қаласының 173-шы және 92-ші мектептерінің 5,6-сынып оқушылары болды.

Жарыс жеңімпаздарының бірі Бахтияр Темиров робототехникаға деген қызығушылығы 7-cыныпта арнайы курс ашылғанда туындағанын айтады. «Мектепке америкалық мұғалім келіп, өзімен бірге VEX платформаларын алып келгеннен бастап, кәсіби түрде осы саламен айналысамын деп шештім. Бұл жарысқа қатысудағы басты мақсат – елімізді халықаралық аренада таныту. Болашақта робототехника және IT саласының маманы болып, Қазақстандағы робототехниканың дамуына септігімді тигізгім келеді», – дейді оқушы. Жеңімпаз командалар ағымдағы жылдың сәуір айында АҚШ-та өтетін Әлем чемпионатының ақтық кезеңіне жолдама алады. Бұл кезеңде жыл сайын 10 мыңға тарта қатысушы болады.

Жалпы Қазақстанда қазіргі уақытта робототехника саласы дамып келеді. Оның нақты бір мысалы ретінде Алматыдағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін айтуға болады.

Автор 

Назерке Муса

 nazerkeden@gmail.com

1921