Блог

6-03
2019
Сыйлық – пара ма? 8 наурызға мұғалімге не сыйлаған дұрыс?

8 наурыз мейрамы қарсаңында ерлер қауымы нәзік жандыларды құттықтау мен сыйлық  таңдау қамында жүргені белгілі. Мұғалімдер мен оқушылар үшін де бұл мереке ерекше. Қазақстанда мұғалімдердің көпшілігі әйел қауымы болғандықтан, жыл сайын оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан мұғалімдер күнінде, 8 наурыз қарсаңында мұғалімге сыйлық таңдау мәселесі қызу талқыға түседі.

Осы орайда, құлақтың тыныштығын ойлаған кей ұстаздар сыйлақ алудан бас тартып та жатады. Ал ата-аналар болса, көп жағдайда сыйлық беруге келгенде ҚР заңнамалары мен этикалық нормаларға жүгіну керек екендігін ойлап, таразыға салып жатпайды.

Заңгерлердің көпшілігі, сыбайлас жемқорлық комитеті қызметкерлері мұғалімдерге мүлдем сыйлық алуға болмайтынын алдыға тартады.

Мұғалімдерге қандай сыйлық беруге болады? Ол пара болып санала ма? Соңғы уақыттары көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

ҚР-ның 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабы бойынша, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың қызметтік өкілеттіктерін орындауына байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер мен оған теңестірілгендерге жұмыс бабы кезінде сыйлық алу мен беру жемқорлыққа теңестіріледі.

Сонымен қатар, құны 2 АЕК-тен асатын сыйлық – қылмыстық құқық бұзушылық болып есептелсе, құны 2 АЕК-ке жетпейтін сыйлық – әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болып есептеледі екен. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодекстің 676-бабында Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi жайында былай делінген: «Жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, – екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».

Аталған заңнамалар мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген қызметкерлерге қатысты. Осы орайда, мұғалім, ұстаздардың азаматтық қызметкерлер екенін атап өткен жөн. Демек, азаматтық қызметкерлер болып саналатын мұғалімдерге бұл заңнамалар таратылмайды.

Bilim Media Group компаниясының бас заңгері Данияр Есенбаевтың түсіндірмесіне сәйкес, мектеп, колледж, университет мұғалімдері мемлекеттік қызметкерлер болмағандықтан, бұл заңнама оларға таратылмайды.

«Мектеп директоры мен оның орынбасарлары, сол сияқты университет пен колледж басшылары мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілетіндіктен, жоғарыда көрсетілген заңнама нормаларының талаптары осы лауазымдарға таратылады»,– дейді заңгер.

Ал енді мұғалімге қандай сыйлық беруге болады? Осы мәселеге тоқталайық.

  •  Келеңсіздіктер туындамас үшін оның бағасы аса қымбат емес болғаны абзал. Гүл сый ретінде қандай жағдайда болмасын ұтымды әрі әдемі.
  • Тиімді сыйлық ретінде оқушыларға өз қолынан жасалғандарын айтуға болады. Себебі қолдан жасалған дүние шын көңіл мен ниеттен туындайды. Мәселен, тоқыма, бисер, оригами сынды өнерден туындаған сый үлкен еңбекпен жасалды әрі көрнекілік құрал ретінде таптырмас дүние.

 

  • Жалпы мұғалімді қолайсыз жағдайға түсірмей, сый жасаудың тағы бір әдісі –  оқушының оқуда ілгерілік танытып, жақсы нәтижелер көрсетуі.

«Сыйлап берген су тәтті» демекші, сый алу, сый беру адамдар арасында жылулық ұялататыны рас. Десек те, шегін біліп, шеттен шықпау қажеттігін ұмытпаған жөн. Ал мамандарға өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң тұрғысынан сауатты болу мәселелеріне аса назар аудару қажет екенін атап айтқан дұрыс.

 

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com

10244